Жұманғарин қытай іскер топтарына қант зауыттарын салуға инвестиция құюды ұсынды
2005 жылдан бастап Қытайдан тартылған инвестиция көлемі 25 млрд долларға жуықтаған
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қытай коммунистік партиясы Орталық комитетінің (ҚКП ОК) Бірыңғай фронт жұмыс бөлімі министрінің орынбасары және Бүкілқытайлық өнеркәсіп және сауда федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Шэнь Инмен кездесті, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Серік Жұманғарин қытай іскер топтарына Қазақстанда қант зауыттарын салуға инвестиция құюды ұсынды. Сонымен қатар ол астықты терең өңдеу кәсіпорындарының санын арттыруға қызығушылық бар екенін атап өтті. Айтуынша, Қазақстан ұқсас және басқа да инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға барынша қолдау көрсетуге дайын.
Айта кетсек, 2005 жылдан бастап Қытайдан Қазақстанға тартылған жалпы инвестиция көлемі 25 млрд долларға жуықтаған. Тек былтыр тікелей қытайлық инвестициялар көлемі 15% өсіп, 1,6 млрд доллардан асты.