Әмиян

Жұбайының келісімінсіз несие беруге салынған тыйым жартылай алынады

Жоба 4 қазанға дейін талқылауға шығарылған

Қазақстанда кәсіпкерлер үшін жұбайының рұқсатынсыз ресімдей алатын несиенің максималды сомасын ұлғайту мәселесі көтерілді.

Еске сала кетсек, 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда несие берудің жаңа ережелері енгізілген болатын. Соған сәйкес, қазақстандықтар 1000 айлық есептік көрсеткіштен асатын сомада, яғни 2024 жылы 3 692 000 теңге көлеміндегі несиені жұбайының келісімінсіз ала алмайды. Бұл ретте ережелерге бірден жеке кәсіпкерлерді бұл талаптан босататын түзетулер ұсынылды. Алайда қазір шектеулердің ішінара сақталатыны белгілі болып отыр.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Ашық НҚА» порталына қаулы жобасын жариялады. Соған сәйкес, жеке кәсіпкер жұбайының келісімінсіз банктік қарыздарды ресімдей алады.

Егер олардың сомасы төмендегі сомадан асып кетпесе:

  • 2 710 АЕК (10 005 320 теңге) – жұмыс істеп жатқанына 6 айдан аз немесе табысы жеткілікті түрде жоғары және тұрақты емес жеке кәсіпкерлер үшін;
  • 27 000 АЕК (99 684 000 теңге) – 6 айдан аса жұмыс істейтін және төлем қабілеттілігі бағалаудан өткен жеке кәсіпкер үшін.

Осылайша, өздерін сенімді төлеушілер ретінде көрсеткен жеке кәсіпкерлер жұбайларының келісімін алмай, 100 млн теңгеге дейінгі сомаға банктік несиелерді еркін ресімдей алады.

Микроқаржы ұйымдарына келетін болсақ, олардан 2 710 АЕК немесе 10 005 320 теңгеден асатын шағын несие алуға өтініш берген барлық жеке кәсіпкер жұбайының келісімін сұрауға тиіс.

Жоба 4 қазанға дейін талқылауға шығарылған. Бұл жаңа шектердің әлі күшіне енбегенін білдіреді.