Шымкенттік диқандар биыл мол жиналған астықты өткізе алмай отыр
Мемлекет көп те емес, 50-60 мың тонна сатып алса екен, - дейді олар
Еліміздің оңтүстігінде биыл егін мол жиналғанмен, өнімін сата алмай отырған диқандар бар. Олардың айтуынша, баға күннен-күнге құлдырап барады, деп хабарлады Otyrar.kz.
Жаз бойы еңбек еткен шаруа Кемел Темірұлы 100 гектар жерден жиналған астығының әлі үштен бірін де сата алмаған. Оның айтуынша, 70 теңгеден басталған баға бірден 58 теңгеге түскен. Қамба астыққа толы болғанмен, оны сатып алушы жоқ. Шаруаның шарасыз халінен хабардар алыпсатарлар да әзірге үнсіз.
Өнімін өткізе алмай отырған шаруалар биылғы баға 1 гектарға жұмсалған шығынның жартысын да жаба алмай тұр деп ашынады. Олардың айтуынша, жерді өңдеу мен минералды тыңайтқыш, жанар-жағармайды қоса алғанда, 120-130 мың теңгедей қаржы кеткен.
800-ге тарта шаруашылықтың басын біріктірген қауымдастық осы жағдайды айтып, шілдеде жергілікті билік пен Үкіметтен көмек сұраған. Алайда мәселеге мән беріп, шығынға батқан шаруалардан хал сұраған жан болмапты.
Биыл Шымкент қаласы бойынша 11 мың гектарға жуық алқапқа дән себілген. Көктем жауын-шашынды, күн райы қолайлы болғандықтан қамбаға 15 центнерден дән құйылды. Жергілікті билік мұның барлығының есебін алғанмен, бағаға ықпал ете алмаймыз деп отыр.
Өңірде енді жақын арада келесі жылдың өнімі үшін күздік бидай себу басталады. Өнімін өткізе алмаған шаруада әзірге жер жыртуға да, тұқым алып, оны егуге де қаржы жоқ.