Бұқара

Zara және OYSHO компаниясы қазақстандық жеке кәсіпкерді сотқа берді

Одан компанияның құқығын бұзғаны үшін 2 млн теңгеден аса өтемақы өндірілді

Алматы облысында Қазақстанда тіркелген Zara және OYSHO сауда белгілеріне иелік ететін компания брендтің аналогымен заттарды сатқаны үшін жеке кәсіпкерді сотқа берді. Одан компанияның құқығын бұзғаны үшін 2 миллион теңгеден аса өтемақы өндірілді.

Жоғарғы соттың хабарлауынша, компания Қазақстанда тіркелген Zara және OYSHO сауда белгілеріне ие болған. Жеке кәсіпкердің оларды заңсыз пайдаланғаны туралы білген компания құқық бұзғаны үшін өтемақы өндіру туралы сотқа жүгінді.

Сотта жеке кәсіпкер тауарларды көтерме бағадан төменге (Zara және Oysho маркалы футболкалар, шалбарлар, джинсы шалбарлар, көйлектер, әйелдерге арналған леггинстер және т.б.) адал жолмен сатып алғанын көрсетті. Өзіне беймәлім сатушыдан қолма-қол ақшамен сатып алған. Содан кейін ол өз иелігіндегі бутикке оларды сатуға қойған. Ол аналогтық брендтерді сатуға лицензия және рұқсат қажет екенін білмегенін айтқан.

Кәсіпорын мен әділет департаментінің өкілдері бутиктен компанияның тауар белгілерімен заңсыз таңбаланған құны 2 миллион теңгеден асатын 117 тауарды тәркіледі. Әкімшілік құқықбұзушылық істері жөніндегі сот жеке кәсіпкерді тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 158-бабы бойынша кінәлі деп тапты. Жеке кәсіпкер әкімшілік жаза ретінде 100 мың теңге айыппұл төлеген.

Осылайша, компанияның жеке кәсіпкердің сауда белгілерін заңсыз пайдалану туралы дәлелдері расталды. Сонымен қатар жеке кәсіпкер компанияның шағымды қанағаттандырудан бас тартуға негіз болатын дәлелдерін жоққа шығармады. Сот жеке кәсіпкердің азаматтық айналымда Zara және OYSHO тауар белгілерін рұқсатсыз пайдаланғанын ескере отырып, компанияның талап қоюын қанағаттандырып, жеке кәсіпкерден компанияның құқығын бұзғаны үшін 2 миллион теңгеден аса өтемақы өндірді.

Жеке кәсіпкерге әлеуметтік желідегі жарияланымдарды өшіру тапсырылды. Жеке кәсіпкер бұл сот шешіміне апелляцияға шағым түсірді. Алайда облыстық сот бірінші сатының шешімін өзгеріссіз қалдырды. Шешім заңды күшіне енді.