Сөре

Астанада осы демалыс күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі басталады

Ол әр сенбі-жексенбіде, 27 қазанға дейін өтеді

Астанада еліміздің өңірлерінен тауар өндірушілердің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі басталады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, жәрмеңке әр сенбі-жексенбіде, 27 қазанға дейін өтеді.

21 қыркүйекте басталатын жәрмеңкеде елордада өз өнімдерін бірінші болып Ақтөбе, Атырау және Жамбыл облыстарының аграршылары ұсынады. Олар ет, балық, сүт, азық-түлік өнімдерін, сондай-ақ көкөністер мен жемістерді тікелей фермерлерден әкеледі. Бұл азық-түліктің қолжетімділігін арттыруға да, отандық өндірушіні қолдауға да ықпал етеді.

Үш облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Астанаға 125 тонна ет және ет өнімдерін, 250 тонна көкөніс пен жемістерді, 26 тонна сүт өнімдерін, 22 тонна балық, 26 мың дана жұмыртқа, 2 тонна нан-тоқаш және 60 тонна өзге де азық-түлік өнімдерін әкеледі.

Жәрмеңке барысында концерттік бағдарлама да ұйымдастырылады.

Айта кетсек, биыл жәрмеңке «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы, Қарқаралы тасжолында өтеді. Сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болуы үшін жәрмеңкелерді өткізу кезеңінде №18, 37, 303 және 323 автобус маршруттары қамтамасыз етіледі.

Ауылшаруашылығы жәрмеңкесі сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.