Робот сот орындаушы ел тұрғындарының 226 млн теңгесін үнемдеп берді
Бұл жүйе азаматтарға жыл сайын 5 млрд теңгеге жуық қаражатын үнемдеуге сеп
Әділет министрлігінің мәліметінше, биыл 20 тамыздан бастап іске қосылған робот сот орындаушы бүгінге дейін 907 млн теңгенің 45 мыңнан аса атқарушылық ісін қозғаған. Осының нәтижесінде қазақстандықтар жеке сот орындаушыларының қызметіне берілетін төлемнің 25%-ын төлеуден босатылып, 226 млн теңгесін үнемдеді.
Айта кетсек, бұл жүйе азаматтарға жыл сайын 5 миллиард теңгеге жуық қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Қазір азаматтардың қарыз жүктемесін азайту және әділет органдарының жұмысын одан әрі цифрландыру мақсатында заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілген.
Әділет министрі Азамат Есқараев президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевқа және Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакировке Digital Justice жобалар топтамасын, оның ішінде «робот сот орындаушының» жұмысын таныстырды.
Жалпы, бұған дейін жеке тұлғалар хабарлама уақтылы келмегендіктен, айыппұл төлеу керектігін білмей қалатын жағдайлар жиі кездесетін. Оның үстіне қарыз уақытында өтелмеген жағдайда жеке сот орындаушыға айыппұлдың 25 пайызын қосымша төлеуге мәжбүр болған. Енді бұл шығындардан және сот орындаушыларға барудан босатылып, уақыты мен қаржысын біршама үнемдей алады.
Осылайша, 20 АЕК-ке дейін жеңілдетілген іс жүргізуді қозғағаннан кейін азаматтар 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар мен EGOV Mobile қосымшасы арқылы іс туралы толық ақпараты бар push-хабарламалар алады.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін қарызды онлайн төлеу мүмкіндігі енгізілді. Осылайша, адами факторлар толығымен жойылып, оның орнына робот жұмыс істейді.
Еске сала кетсек, «Робот сот орындаушы» жобасы пилоттық режимде ең алғаш Таразда іске асқан болатын. Қазір жобаның тиімділігі арқасында бүкіл Қазақстан аумағында қолжетімді.