Жүкті және зейнет жасына жақындағандарды жұмысқа алмағандар жазаланады
Заңда адамды жасы, жынысы, ұлты, тіпті дене бітіміне байланысты алалауға тыйым салынған
Қазақстанда көп компания мен мекемелер зейнет жасына жақындаған азаматтарды жұмысқа алғысы келмейді. Тіпті, кей ұйым адамдарды жынысы мен ұлтына, отбасы жағдайына қарай бөліп, кемсітеді екен. Осындай жағдайға тап болған тұрғындар шағымын білдірді. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Петропавл қаласының тұрғыны Бақытгүл Мемешованың келіні бір жылдан бері жұмысқа орналаса алмай жүр. Оған себеп – жүктілігі. Айтуынша, оны бала көтергені үшін қызметке қабылдамау ақылға қонбайды.
Қазақстанда мұндай жағдайдан бөлек, зейнет жасына жақындаған азаматтар да жаңа жұмысқа орналаса алмай дал. Сонымен қатар кей компания баласы бар қыз-келіншектерді жұмысқа алмауға тырысады. Ел тұрғындары бұл ұстанымды бұрыс деп есептейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі басқармасының бас сарапшысы Самал Жұмағазиеваның айтуынша, Еңбек кодексіне сәйкес азаматтарды жұмысқа қабылдар кезде жасы, жынысы, ұлты, тіпті дене бітіміне байланысты алалауға тыйым салынған. Сондай-ақ бір лауазымға қабылданған екі азаматтың жалақысы екі түрлі болса да кемсіту болып есептеледі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, жалпы дискриминация мемлекеттік органдарда да кездеседі. Мұндай жағдайға жол берген мекеменің бірінші басшысына 110 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Сондықтан әр азамат өз құқығын заң аясында қорғауы керек.