Бұқара

Елімізде жалға алған көлікті сатып жіберетіндер көбейген

Бір тәулікте тек 200 шақырым жол жүруіне рұқсат

Иә, жол ережесін бұзатындардың арасында әртүрлі адам бар. Бірі – ішімдікке сылқия тойса, енді бірінің құжаты жоқ. Бір парақ қағазсыз рөлге отыратындардың дені – көлікті жалға алғандар. Олар ережені бұзып қана қоймай, уақытша алған көлігін сатып жібереді. Не заңнан, не теміртұлпар иесінен қорықпайды, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Алаяқтардың схемасы оп-оңай. Алдымен өзгенің машинасын бір күнге меншіктейді. Арзан бағаға сатуға шығарып, әп-сәтте «тұтынушы» табады. Құжаттарды кейін рәсімдейміз деп, артынша ұшты-күйлі жоғалады. Соңында сатып алған азамат пен жалға беруші бармақ тістеп қалады. Соған қарамастан осы «кәсіппен» айналысып жүргендер көп.

Жалпы, қазір Астанада бір жерден екінші жерге жету мұң. Такси қымбат. Мұндайда өз көлігің болмаса, жалға берілетін теміртұлпарлар – таптырмас шешім. Күніне 10 мың теңге төлейсің. Қайда барсаң да өз еркің. Тек оны соғып алмасаң болғаны.

Аслан Құлмағамбетов – 2 баланың әкесі. Зайыбы осыдан 3 жыл бұрын қайтыс болған. Үйдегі ата-ана жалғыз өзі болғандықтан кез келген жұмысты істей алмайды. Қазір нәпақасын такси қызметінен табады. Оның өзі жеке көлігі емес. Өзгеден жалға алады. Күніне 20 мың тапсам, оның 10 мыңы – теміртұлпар иесіне, 5 мыңы – бензинге кетеді дейді. Қолда қалатыны – 4-5 мыңның айналасы.

Былтыр жеңіл автокөлікті осылай жалға беру көлемі 70 млрд теңгеге жеткен. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда, 12 пайыз көп көрсеткіш.

Көлікті алудың өз талабы бар. Бірақ қатып қалған заңдылық жоқ. Әркім өзінше шарт қояды. Бірінші шарт – азамат 19 жастан асуға тиіс. Көлік жүргізу тәжірибесі 1 жылдан кем болмағаны жөн. Бір тәулікте тек 200 шақырым жол жүруіне рұқсат. Кез келген жанармай түрін пайдалануға болмайды.

Көлікті жалға беру – жақсы табыс әкелетін кәсіп. Осыған қызығып, заңсыз жұмыс істейтіндер де артқан. Олар не мемлекетке салық төлемейді, не қызметін заңдастырмайды.

Соңғы 10 жылда бұл сала қарқынды түрде дамыды. Әлемнің мыңнан аса қаласында бар. Ал Қазақстанға келгеніне бар-жоғы 4 жыл болды. Соның өзінде танымал болып үлгерген. Әсіресе Алматы, Астана, Шымкент қаласында көлікті жалға алу қалыпты жағдайға айналды.