Бұқара

Интернет-алаяқтық: қазақстандықтар 7 айда 7 млрд теңгеден айырылған

Былтыр 4,1 млрд теңге қолды болған

Қазақстандықтар биыл 7 айда интернет-алаяқтардан 7 млрд теңге залал шекті, деп хабарлады Finprom.kz.

Осы уақытта тіркелген барлық құқықбұзушылықтың 44,4%-ы – интернет-ресурстар арқылы қаражатты ұрлау фактісі.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, соңғы бірнеше жылда интернет-алаяқтықпен байланысты тіркелген құқықбұзушылықтар саны 40 еседен асқан.

2018 жылы осындай 500-ден аса құқықбұзушылық фактісі тіркелсе, 2023 жылы 21,8 мыңға жеткен. Құқық қорғау органдары интернет-қылмыскерлермен күресуге бар күшін салып жатыр. Мәселен, ІІМ былтыр CyberPol пилоттық жобасын іске қосып, әр өңірде оның бөлімшелерін ашты. Ал биыл жазда Ұлттық банк қаржылық алаяқтық белгілері бар төлем операцияларын бұғаттауға арналған Антифрод орталығын іске қосты. Киберқылмыс мәселесін шешу үшін құқық қорғау органдарының күш-жігеріне қарамастан, проблема әлі де өзекті болып тұр.

Статистика бойынша, көп жағдайда интернет-алаяқтық фактісі бойынша кінәлі адам табылмағандықтан қылмыстық іс тоқтатылады. Былтыр 79,2% қылмыстық іс тоқтатылған. Биыл 7 айда көрсеткіш 56,3%-ға жеткен.

2024 жылғы қаңтар-шілдеде интернет-алаяқтықпен байланысты тіркелген барлық қылмыстық құқықбұзушылықтың 24,5%-ы интернеттен заттар сатып алған, бірақ тауар алмаған қазақстандықтардың шағымдары бойынша тіркелді.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, биыл қаңтар-шілде айларында интернет-алаяқтардан 7,1 млрд теңге залал келген. Оның 6,8 млрд теңгесі жеке тұлғаларға, 304,1 млн теңгесі заңды тұлғаларға тиесілі. Өндірілген залал сомасы – небәрі 11%. Ал былтыр интернет-алаяқтық жағдайларына байланысты қазақстандықтар 4,1 млрд теңгесінен айырылған.