БЖЗҚ-дағы жинақты мерзімінен бұрын пайдалануға шектеу қою ұсынылды
Бірақ кейбір қаржыгер бұл ұсынысқа қарсы
Экономистер бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысын жетілдіруді ұсынып отыр. Олардың пікірінше, салымшылар үшін зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігін шектеу қажет. Яғни жинақтау және инвестициялау кезінде қордағы қаржының қолжетімсіз болғаны жөн. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Қазақстандықтар қартайған шағында лайықты зейнетақы алуы үшін шартты жинақтау нұсқасының араласқа ауыстырылғанын қалайды. Демек жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары «4+1» үлгісіне өтуге тиіс. Бірақ кейбір қаржыгер бұл ұсынысқа қарсы.
Бірнеше ай бұрын қаржыгерлер қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын айтқан еді. Соның бірі – жинақталып жатқан қаржыны мерзімінен бұрын пайдалануды шектеу. Яғни салымшының жинағына тиіспегені жөн.
Екіншіден, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын шартты жинақтаушы нұсқадан «4+1» моделіне негізделген аралас нұсқаға ауыстыру қажет. Демек жарнаның 4%-ы жұмысшының жеке зейнетақы шотына жіберілуі керек. Сәйкесінше, өзі басқарады, мұраға қалдыруға да құқылы. Қалған 1%-ы зейнетақы төлемдерінің өмір бойына берілетініне кепілдік есебінде жалпы шотқа түсуі қажет. Бұл үлгі жұмысшылар мен жұмыс берушілер үшін түсінікті, әрі әділ болмақ. Бірақ экономист Жангелді Шымшықов бұл ұсыныспен келіспейді.
Сондай-ақ ол орташа жалақыны басшылыққа ала отырып есептесең де жеткілікті зейнетақыны жинау қиын дейді. Демек бұл ұсыныс мәселені шешпейді әрі жинақты инвестициялық кіріс есебінен ұлғайту да қисынсыз көрінеді. Себебі жыл басынан бергі инвестициялық табыс – 1 триллион 410 миллиард теңгеге тең. Ал инфляция деңгейі – 8,6%, салымшылардың шотына түскен зейнетақы активтерінің кірістілігі – небәрі 7,5%.
1 тамыздағы жағдай бойынша, салымшылардың шоттарына бөлінген зейнетақы активтерінің кірістілігі – 12,73%. Ал инфляция 8,60% болып отыр. 2024 жылдың басынан бастап салымшылардың шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі – 7,51%.
Сондықтан Жангелді Шымшықов прогресивті салық жүйесін енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, әр азамат ата-анасының зейнетақы жинағына айлығының 10%-ын аударып отыруы қажет. Мәселені шешуге дәл осы бастама мүмкіндік бермек. Өйткені баласы әлдебір қорға, не бөтен бір адамға жібермейді, зейнет жасына жақындаған ата-анасына жағдай жасайды.