Банктер алаяқтар рәсімдеген несиелерді есептен шығаруға міндеттелді
Мұндай несиелерді есептен шығару – азаматтарды қорғаудың тиімді құралы
20 тамыздан бастап қазақстандық кредиторлар азаматтарға заңсыз берілген несиелерді есептен шығаруға және алаяқтықты тергеу барысында несиені «тоқтата тұруға» міндеттелді.
Қазір ел билігі алаяқтармен белсенді күресіп жатыр. Алайда ол әрдайым сәтті бола бермейді. Алаяқтық салдарынан азаматтар ақшасынан айырылып қана қоймай, өз атынан алған заңсыз несие тұрғындарға қосымша қарыз болуы мүмкін. Мұндай несиелерді есептен шығару азаматтарды қорғаудың және банктер мен микроқаржы ұйымдарын (МҚҰ) алаяқтықтан қорғауды күшейтуге міндеттеудің тиімді құралы бола алады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, мұндай қаулы 20 тамыздан бастап күшіне енген. Ол алаяқтар берген несиелер бойынша тергеу шаралары басталса, несие берушілерге сыйақы мен талап қою жұмысын тоқтатуды міндеттейді. Ал егер сот шешімімен несиенің клиенттің қатысуынсыз, алаяқтық жолмен берілгені анықталса, онда несие берушілер зардап шеккен қарыз алушының несиесін толығымен есептен шығаруға міндетті. Яғни несиені алаяқтардың алғаны анықталса, несие беруші алдымен оны «тоқтата тұрып», алаяқтық фактісі сотта дәлелденгеннен кейін оны толығымен есептен шығаруға мәжбүр болады.