Өзіміздің өнім

Ел өңірлерінде күріш өндірісі бәсеңдеп қалды

Былтыр елімізге сырттан 26,6 мың тонна импорт жеткізілді

Қазақстанда күріш өндірісі бір жылда 8% азайды, деп хабарлады Energyprom.kz.

2023 жылғы қаңтар-желтоқсанда елімізде 205,1 мың тонна күріш өндірілген. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 8,4% аз.

Көбіне күріш Қызылорда облысында өсіріледі. Онда былтыр Қазақстандағы жалпы өнім көлемінің 92%-ы немесе 188,8 мың тонна күріш өндірілген. Содан кейінгі орында Алматы (9,5 мың тонна), Түркістан (6,7 мың тонна) және Жетісу облыстары (138 тонна) тұр.

2023 жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында қазақстандық күріш өндірушілер өнімге сұранысты 87,7% қамтамасыз етті. Ал одан бір жыл бұрынғы көрсеткіш 95,7% еді.

Импорттың үлесі 12,3% өсті. Осы кезеңде Қазақстанға сырттан 26,6 мың тонна күріш жеткізілді. Ол – 2022 жылғы 11 ай импортымен салыстырғанда бірден 2,8 есе көп.

Экспорт 3,2% өсіп, 102,5 мың тонна болды десек, ішкі нарықтағы сатылым бір жылда 4,7%-ға төмендеп, 114,5 мың тоннаны көрсетті.

Былтыр қаңтар-қарашада 34,1 млн долларға 110 мың тонна күріштің барлық түрі экспортталды. Физикалық мәндегі өсім – 8,8%. Ақшалай есептегенде, керісінше, 31,8% төмендеу байқалды.

Қазақстандық күріштің негізгі бөлігі ТМД елдеріне жөнелтілді: 98,4% немесе 108,2 мың тонна, құны – 32,8 млн доллар. Экспорт физикалық түрде 11,5% өссе, ақшалай түрде 31% төмендеді.

ТМД елдерінің ішінде экспорттың ең көп көлемі Өзбекстанға (59,6 мың тонна) жіберілді. Одан бір жыл бұрынғы көрсеткіш – 2,4 мың тонна.

Ресей (25,7 мың тонна) мен Тәжікстан (18,2 мың тонна) да алғашқы үштікке енді.

Қазақстан ТМД-дан тыс басқа елдерге 1,8 мың тонна күріш жіберді. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 55,5% аз. Мұндағы негізгі елдер – Ирак, Ауғанстан, АҚШ, Моңғолия, Түркия, Грузия және Израиль.