Таразы

Астанада бір баланы мектепке дайындау қанша тұрады? - репортаж

Отандық өнімді ұсынып отырған компания биыл бағаны көтермеген

Жаңа оқу жылының басталуына аз ғана уақыт қалды. Қазір ата-аналар балаларына мектеп формасын, кеңсе тауарларын және өзге де заттарды сатып алуға кірісіп кеткен. Әдетте мұндай тауарлардың түр-түрі мектеп жәрмеңкелерінде ұсынылады. Биыл елордада мектеп жәрмеңкелері аз ұйымдастырылып жатқан жоқ. Оның бірі ЕХРО халықаралық көрме орталығының алаңында өтіп жатыр. Kazinform агенттігінің тілшісі жәрмеңкеге арнайы барып, сатушылармен және ата-аналармен сөйлесіп, баланы мектепке дайындау қанша тұратынын анықтауға тырысқан.

Астана тұрғыны Әсем Құрманғалиеваның екі баласы биыл 5-сыныпқа барады. Ол жыл сайын мектеп шығындарының сметасын жасауды әдетке айналдырған.

Оның айтуынша, биыл кеңсе тауарларының бағасы өткен жылдың деңгейінде екен. Бірақ мектеп формасы айтарлықтай қымбаттаған.

Мектеп киімдерін Түркиядан жеткізетін сатушылар да бағаның өскенін растап отыр. Мұны олар доллар бағамының өзгеруімен байланыстырады.

Ол биыл аяқ киімнің әлдеқайда арзан екенін алға тартып отыр. Мәселен, былғары аяқ киімді 15-18 мың теңгеге сатып алуға болады екен.

Мектеп киімін Түркиядан жеткізетін тағы бір сатушы Наталья Мельникова мамыр айында тауардың бағасы арзан болған кезде сатып алыпты. Сондықтан бағаны тек 500-1000 теңгеге ғана көтерген.

Өз кезегінде отандық өнімді ұсынып отырған сатушы-кеңесші Елена Кирьякова өз компаниясының биыл бағаны көтермегенін айтты. Ол көбіне баласын 1-сыныпқа беретін ата-аналар тұрақты клиентке айналғанын, бір балаға мектеп формасының толық жиынтығы шамамен 38 мың теңге шығатынын жеткізді.

Отандық өндіруші аз қамтылған отбасылардан шыққан, мүмкіндігі шектеулі балаларға, сондай-ақ 3 немесе одан да көп баланы киіндіретін ата-аналарға 20% жеңілдік ұсынатынын айтты. Биыл су тасқынынан зардап шеккендерге де 20% жеңілдік қарастырылғанын атап өткен жөн.

Айта кетсек, елорда әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан «Kids EXPO. Балалар әлемі» жәрмеңкесінде аз қамтылған отбасылардан шыққан 40 оқушыға рюкзактар тегін берілді. Мұндай көмекті 3 бала тәрбиелеп отырған Рахия Нұрлыбаева алды. Оның айтуынша, бір баланы мектепке даярлауға мектеп формасы мен оқу құралдарын қоса алғанда, шамамен 60 мың теңге жұмсалады. Үш балаға жыл сайын шамамен 150-160 мың теңгесін санап береді екен.

Астананың тағы бір тұрғыны Құралай Ілиясова жыл сайын баласын мектепке дайындауға 100 мың теңге жұмсайтынын атап өтті.

Еске сала кетсек, 1-31 тамыз аралығында Астананың әр түкпірінде мектеп жәрмеңкелері өтіп жатыр.

Атап айтқанда, олар:

  • «Аймақтау» СҮ, 1 тамыздан 5 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 9:00-20:00 аралығы;
  • «Тұлпар» СҮ, 1 тамыздан 5 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-21:00 аралығы;
  • Magnum супермаркеті (Тұран даңғылы, 55Д), 3 тамыздан 1 қыркүйекке дейін тәулік бойы жұмыс істейді;
  • «Анвар» супермаркеті (Тұран даңғылы, 45), 3 тамыздан 1 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 9:00-22:00 аралығы;
  • «Тұмар» СҮ (Сығанақ көшесі, 1Б), 1 тамыздан 15 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-22:00 аралығы;
  • «Сарыарқа» ОСО (Тұран даңғылы, 24), 15 тамыздан 1 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-22:00 аралығы;
  • «Рахмет» СО, 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-22:00 аралығы;
  • «Джафар» СО, 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-22:00 аралығы;
  • «Көктал» ОСО, 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-20:00 аралығы;
  • «Әсем» СО, 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-20:00 аралығы;
  • Astana Mall ОСО, 3, 4, 10, 11, 17, 18, 24, 25, 31 тамыз күндері, жұмыс уақыты сағат 10:00-17:00 аралығы;
  • «Аружан» ОСО, 3, 4, 10, 11, 17, 18, 24, 25, 31 тамыз күндері, жұмыс уақыты сағат 10:00-17:00 аралығы.

Сондай-ақ Астанада 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жетім балаларды, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды мектепке дайындауға көмек көрсетуді мақсат еткен «Мектепке жол» акциясы жалғасады.