Өзіміздің өнім

Тоқаев келесі сапарында «Родина» агрофирмасына табан тіреді

Ақмола облысында сүт өнімдерін шығаратын 15 кәсіпорын бар

Президент алдымен агроқұрылымның №1 сауын цехы мен сүт зауытына барды. Онда GEA фирмасының «Елочка» қондырғысы орнатылған.

Аталған құрылғының көмегімен бір мезгілде 32 сиырды қатар саууға мүмкіндік бар. Жалпы, осындай заманауи қондырғылармен жабдықталған әрі озық еуропалық технологиямен жұмыс істейтін кәсіпорын тәулігіне 50 тонна сүт өндіреді. Сонымен қатар сүт өнімдерінің бірнеше түрін шығарады. Қазір онда 36 адам еңбек етіп жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр серіктестіктің сүт бағытын дамыту жоспарын баяндады. Сонымен қатар жаңа сауын цехы салынып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, былтыр бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында компания Родина ауылының игілігіне 791 миллион теңге қаржы бөлген.

Президент «Родина» агрофирмасының үлгілі шаруашылық екенін айтып, зауыт жұмысшыларын жүйелі жұмысты одан әрі жалғастыра беруге шақырды.

akorda.kz

Жалпы, Ақмола облысында сүт өнімдерін шығаратын 15 кәсіпорын бар. Сонымен қатар өңірде 7 тауарлы сүт фермасы салынып жатыр. Осы бағыттағы жобаларды қаржыландыруға 13,3 миллиард теңге бөлінген.