Біреудің жетегімен бизнес бастау мүмкін бе?
Өзіңізге сеніміңіз болмаса, бизнеске жоламаған дұрыс, - дейді Ахметбек Нұрсила
Қазір екінің бірі, егіздің сыңары бірден байып кетуді армандайды. Соның салдарынан қомақты қаржының шетін көрсеткен алаяқтар мен желілік маркетингке желіктірген қаржы пирамидаларының қақпанына оңай түсіп қалып жатқандар көбейді. Қоғамның осындай осал тұсын тез аңғарғандар да аяқастынан бизнес-тренер болып шыға келіп, «алма піс, аузыма түс» деп отырған жұрттың жалқаулығын жақсы пайдаланып жүр. Өйткені тренингтің өзі – ақыл айтуға бағытталған ең оңай бизнес. Ал «Жетектеп қосқан тазы түлкі алмайды» дегендей, сол ақылы ақылды тыңдағандардың бәрі шетінен бизнесмен болып кетті ме? Үкімет грант беретін курстардың тиімділігін кімдер көрді? Гәп сонда!
Қолдауды құр жібергісі келмейді
Шын мәнінде бизнес-идеяны таңдау, оның жоспарын әзірлеу, салықтарды түсіну, сатуды жолға қою дегендерің – кәсіптен нәсіп көргісі келгендер үшін қиын шаруа. Оларды меңгермесең, ұлы Абай айтқан «Тым болмаса кеттің ғой мал баға алмай» дегеннің керін келтіру – бір пәсте.
Сондықтан мемлекет «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының аясында «Бастаушы кәсіпкерлер үшін», «Кәсіпкерлер үшін», «Бизнестегі әйелдер үшін» арнайы бағдарламаларын қарастырып көрді. Сондай-ақ «Бизнестің Жол картасы» құжаты, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының арнайы «Бастау Бизнес» бағдарламасы, Жастар бастамаларын қолдау қорының жұмысы сынды қолдаулар баршылық.
Мысалы, шетел тәжірибесінде жастардың жеке кәсіппен шұғылдануға бейім болғаны елдің инновациялық даму жолына түсуін жеделдететін фактор саналады. Егде тартқандарға қарағанда, жастардың бизнесі тұтынушылардың сұранысын тезірек өтейді екен. Ал бүгінде Қазақстанда жастар санатындағылардың 125 мыңнан астамы ғана жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Басқа замандастары – айлық жалақыға өмір сүретіндер мен жұмыссыздар.
Енді нақты іске келсек, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2017 жылдан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыссыздарды кәсіпкерлікке оқытуды іске асырып келеді. Бір қызығы, 2021 жылы, яғни пандемия кезінде осы мекеме «Бастау Бизнеске» құжат қабылдауды бастаған еді. Жамбыл, Қызылорда облыстарында әлгіндей тез байып кеткісі келетіндер бір жапырақ жолдама алу үшін Жұмыспен қамту орталығының алдында кептеліс тудырды. Карантин талаптары сақталмай, «болашақ бизнесмендер» бір-бірінің үстіне шығып, кейбірі ғимаратқа терезе арқылы кіруге тырысып бақты. Себебі сол кезде «Бастау Бизнес» бағдарламасына сұраныс 2,5 есе артқан болатын. Жоба бойынша жыл сайын 30 мыңдай шәкірт арнайы курстан өтіп, оқуын аяқтауға тиіс. Ал Алматыда тіпті «Бастау Бизнес» жобасына қатысушыларға «ақша мен сертификаттар беретін» алаяқтар пайда болды. Олардың мессенджерлер арқылы таратқан хабарламасында «Атамекен» ҰКП-нің осындай қызметтермен 3 жыл бойы айналысып келе жатқаны айтылған.
Бизнес-тренинг – ақшаның соры
Қаптап кеткен бизнес-тренерлердің дені – «бизнесі жоқ бизнесмендер». Мысалы, жоғарыда аталған «Бастау Бизнес» мемлекеттік жоба болса, кезіндегі кәсіпкер Ахметбек Нұрсиланың тренинг өткізетін жобасының аты – «Бизнес Бастау». Атымен қоса заты да «Атамекен» ҰКП жобасының өңін айналдырған түрі. «Кезіндегі кәсіпкер» дейтініміз, қазір Ахметбек Нұрсиланың тренингтен басқа бизнесі жоқ. Бәрін сатып, жауып тынған. Ал бизнес-тренингті 2 айдан ғана өтеді. Сол үшін Ахметбек Нұрсилаға мың шәкірттің әрқайсысы шамамен 200 мың теңгеден төлейді. Жалпы алғандағысы – 200 миллион теңгедей ғой.
Сол Ахаң бірде «Не істейміз?» бағдарламасына сұхбат беріп, баспанасыз қазақтарды суырдан да төмен деп есептейтінін айтты. Еске сала кетсек, кәсіпкер 2009 жылы «Сапалы қазақ» деген ұйым құрған болатын. Сондықтан сұхбат барысында журналист оған: «Бүгінде сапалы қазақ көп пе, сапасыз қазақ көп пе?» деген сұрақ қойды. Ал Ахметбек мырза іркілместен: «Енді ол халықтың ренішін тудырады... Шынайы мойындағанда, сапасыз!» деп салды. Айтуынша, ол айына 500 мың, 1 миллион теңгеден төмен табыс табатын адамның бәрін «сапасыз» деп есептейді екен. Ал өзі 5 жылда 34 790 қазаққа 1 ай ішінде кәсіп бастаттым деп отыр.
Оған әріптесі, бизнес-тренер, 2,5 жылда 10 мейрамxана ашып, Shonbay Online университетінің негізін қалаған Қуаныш Шонбай келіспейді. Оның айтуынша, тренингке қатысқан көпшіліктің тек 4-8 пайызы ғана кәсіпкер болып кете алады екен. Ал Берікбол Төлеген атты әріптесіміз сол Қуаныш Шонбайдың өзіне қатысты:
Бұл ретте бизнесте 30 жылдан астам тәжірибесі бар, «СейМар» компаниясының негізін қалаушы, Қазақ меценаттары тобының мүшесі, еліміздегі үздік 50 бизнесменнің қатарына кіретін, бүгінде 40-тан астам жобаның акционері болған кәсіпкер Марғұлан Сейсембай қазір бизнес-тренингті қойып, қалған өмірін қоғамдық жұмыстарға арнағанды жөн санап отыр. Кезекті бір сұхбатында ол:
Сөздің тоқетері сол десек, шын мәнінде жас кәсіпкерге мотивация емес, жол сілтейтін адам керек. Ал ол өзінің жақын досы немесе туысы болуы мүмкін. Тек сол ақылды сатып алудың қажеті шамалы.
«Өзіңе сен!» ұстанымы – өміршең
Бүгінде біраз БАҚ-та «Қазақстандағы ең жас кәсіпкер», «15 жасында миллионер атанған жігіт», «Президентке сағат сыйлаған бизнесмен» сынды тақырыптар жарияланған. Соның бәрі – Арман Тосқанбаев атты азамат туралы мақалалар. Ал оның орта немесе жоғары білімі туралы дипломы жоқ, есесіне 6 компаниясы бар. Білімнен қашпайтын, бірақ диплом үшін 4-5 жыл уақытын жоғалтқысы да келмейтін жас кәсіпкер Informburo сайтына берген сұхбатында бизнес-тренерлер туралы пікір білдіріпті. Айтуынша, қазір сондай «аңқау елге арамза молда» болып, өзі білмейтін нәрсені біреуге үйреткенсіп жүретіндер көп.
Карантинге дейін «Қазақтың кедей болуға хақысы жоқ! 18 миллион халықтың бәрінен бизнесмен шығаруға болады!» деп ұрандатып, мыңдаған шәкіртімен партия құрмақ болған бизнес-тренер Ахметбек Нұрсила да кейін екпіні басылып, абайлап сөйлейтін болыпты.
Түсінген шығарсыз...