Қазақстандық кәсіпкерлер қазір қауын-қарбызын өткізе алмай жатыр
Қауындар жай ғана мал азығына жарап қалды
Биыл Қазақстанда бақша дақылдарының егіс алқабы 8,9% азайды, деп хабарлады Energyprom.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл 98,1 мың гектар жерге қарбыз бен қауын егілген. Былтыр 107,6 мың гектардан өнім жиналды.
Қауын мен қарбызды көп еккен облыс – Түркістан. Бұл облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, егіс алқаптарының қысқаруы әртараптандырумен және ауыл шаруашылығы дақылдарының неғұрлым тиімді түрлеріне көшумен байланысты.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, былтыр фермерлер 2,8 миллион тонна бақша дақылдарын жинаған. Оның 1,4 миллион тоннасы – қарбыз. Бұл – қиын әрі құрғақшылық жылы қол жеткізген рекордтық көрсеткіш.
Көктемгі су тасқынынан кейін Шардара су қоймасы 90% толып, Түркістан облысының фермерлері судан таршылық көрмеген. Олар қазірдің өзінде қарбыздың екінші өнімін алуға дайындалып жатыр.
Егін жақсы шықты, бірақ кәсіпкерлер барлық өнімді сата алмайды. Қауындар жай ғана мал азығына жарап жатыр.
Қазақстанда қауын импортының үлесі өте аз, небәрі 1,6%. Статистикаға сүйенсек, басқа елдерден Қазақстанға бақша дақылдарының көп бөлігі жергілікті фермерлер үшін маусымнан тыс айларда импортталады.
Қазақстандық фермерлер де экспортқа аздап жөнелтеді. Былтыр бақша дақылдары экспортының көлемі небәрі 31,9 мың тонна ғана болды. Қазақстандық өнімнің негізгі импорттаушылары – Ресей мен Беларусь. Биыл қауын мен қарбыздың бағасы соңғы жылдардағы рекордтарды жаңартты.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл маусымда қарбыздың бір келісі 259 теңгеден сатылды. Ал шілдеде бағасы 2 есеге жуық, 135 теңгеге дейін төмендеді. Биыл жаздың бірінші айында қауынның бір келісі 456 теңге, ал шілдеде баға 24,1%-ға, 346 теңгеге дейін арзандады.