Биылғы ІІ тоқсанда елдегі орташа жалақының көлемі артқан
Бұл «орташа» адамның қанша жалақы алатынын көрсетеді
2024 жылдың екінші тоқсанында атаулы жалақының орташа мәні 403 251 теңгеге жетті, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы. Бұл – 2023 жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда, 10,3% көп, нақты мәндегі (инфляцияны ескергендегі) өсім – 1,7%.
Бұл ретте әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету (8,7%), мемлекеттік басқару мен қорғаныс саласында (3%), денсаулық сақтау саласындағы (2,7%) нақты мәндегі жалақы мөлшері былтырғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда төмен болып шықты.
Өңірлік бөліністе 2024 жылдың II тоқсанында 2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Алматы қаласында (14,3%), Ақтөбе облысында (14%), Павлодар облысында (12,9%) байқалды.
Өңірлер арасындағы орташа айлық номиналды жалақының ең жоғарғы және ең төменгі мәндері арасындағы арақатынас 2024 жылғы II тоқсанда 2 есе болды. Ал 2024 жылдың II тоқсанында жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 278 296 теңгені қамтыды.
Медиана жалақысы – барлық жұмысшыны екі тең топқа бөледі, адамдардың жартысы сол мөлшерден аз, ал екіншісі көп жалақы алады. Бұл ең жоғары және ең төмен жалақы мөлшерін ескермей-ақ, «орташа» адамның қанша жалақы алатынын көрсетеді.
Жалақының орташа мөлшері бір қызметкер жалақысының, қосымша ақыларының, үстемеақыларының, сыйақыларының, салықтарының және зейнетақы аударымдарының барлық түрін ескере отырып көрсетіледі. Ол жалақы қорының сомасын кәсіпорындардағы жұмысшылардың нақты санына бөлу арқылы есептеледі.