Билік

Құлыбаевтың мұнай компаниясына 13,6 млрд теңге айыппұл салынды

Ол 4 500 тоннадан аса қауіпті қалдықтарға жинақталу лимитін алмаған

Қазақстанның Ұлттық қоры ірі мұнай-газ компаниясы төлеген айыппұл есебінен 13,6 млрд теңгеге толықтырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Атырау облысының прокуратурасы «Каспий нефть» АҚ-ның 2021-2022 жылдары бұрғылау және кен орнын пайдалану қызметінде құралған 4 500 тоннадан аса қауіпті қалдықтарға жинақталу лимитін алмағанын анықтады.

Прокурордың ұсынысын қарау нәтижесі бойынша Атырау облыстық сот алқасының 02.07.2024 жылғы қаулысымен «Каспий нефть» АҚ-ға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 328-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 13 684 868 730 теңге айыппұл салынды, – деп мәлімдеді облыс прокуратурасы.

KASE мәліметтері бойынша, «Каспий нефть» акцияларының 100 пайызы – Тимур Құлыбаевтың Joint Resources АҚ-на тиесілі.