Бұқара

Жаңартылған статистика: ел тұрғындарының 9 миллионы жұмыс істейді

51,6 мың адам – онлайнда

2024 жылғы I тоқсан қорытындысы бойынша Қазақстанда жұмыспен қамтылған халықтың жалпы саны – 9 167,3 мың адам. Оның 51,9%-ы ер болса, 48,1%-ы – әйел. Бұл туралы бүгін kaz.inform.kz хабарлады.

Жас санаттары бойынша жұмысшылардың ең көбі 35-44 жас тобына тиесілі – 2,5 млн-нан аса адам. Одан кейін 29-34 жас аралығындағы қызметкерлер, олардың саны 1,8 млн-нан асады.

Қызметкерлердің жалпы санының 44%-ның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар, тағы 50%-ның техникалық немесе кәсіптік білімі бар.

Жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 76,2%-ы жалдамалы жұмысшы болса, 23,8%-ы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

Жалдамалы жұмысшылардың ең көбі Алматы қаласында байқалды, олардың саны 954,3 мыңға жетеді. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында өңірлер бөлінісіндегі ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында – 374,5 мың адам (өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санының 17,1%-ы).

Сонымен қатар 51,6 мың адам қашықтан жұмыс істесе, 452,7 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген.

Жұмыспен қамту деңгейі – 95,3 пайыз.