Әмиян

Павлодарда балабақша есепшісі 41 млн теңгеден аса қаржы жымқырған

7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

Павлодарда бюджет қаражатын жымқырған есепші сотталды, деп хабарлады облыстық сот.

2022 жылдың қаңтарынан бастап, 2024 жылдың наурызына дейін Павлодар қаласындағы №4 бақшасының есепшісі шаруашылық меңгерушісімен сөз байласып, есептік-төлеу туралы тізімді заңсыз жасаған. Екеуі шоттарына заңсыз ақша аударып, мемлекетке жалпы сомасы 41 миллион теңгеден аса материалдық залал келтірген.

Онымен тоқтамай, осыған ұқсас қылмыстық схеманы пайдаланып, Б.А. 2023 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың мамыры аралығында «Павлодар қаласының №7 бөбекжай-бақшасы» МҚКК-ның есепшісі болып қызмет атқарып, жалпы сомасы 5 миллион теңгеден аса бюджет қаражатын жымқырған.

Прокурор сотталушының екеуіне де 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын талап етті. Сотталушылар кінәларын мойындап, өкініп, бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауды сұрады.

Сот шешімімен екеуі де 5 жыл мерзімге мемлекеттік ұйымдарда қаржылық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды және әрқайсысына 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.