Әмиян

Жоғары білімге арналған пайызсыз несиелер қалай рәсімделеді?

Бұл бастама тек сараланған грант иегерлеріне арналған

Қазақстанда биылдан бастап жоғары білім алу үшін пайызсыз несиелер беріледі. Қазір Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты қаржы орталығы екінші деңгейлі банктермен осы мәселені пысықтауға кіріскен. Ал мемлекеттік білім несиесін рәсімдеу ережесі дайын тұр. Бұл туралы Sputnik.kz хабарлады.

Несие барлығына берілмейді

Жақында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жылдың соңында пайызсыз несиелердің берілетінін айтты. Сол кезде жұрттың көбі оны ақылы негізде оқып жатқан студенттер де алады деп ойлады. Бірақ бұл бастама тек сараланған грант иегерлеріне арналып отыр. Ондай гранттар биыл пилоттық жоба аясында қолға алынады.

Сараланған гранттар ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша жоғары балл жинаған, бірақ грантқа ие болмаған талапкерлерге конкурстық негізде беріледі. 300 грант екі бағытқа бөлініп отыр.

Олар:

  • 6B01 Педагогика ғылымдары – 150 грант;
  • 6В03 Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат – 150 грант.

Сараланған грант конкурсына қатысу үшін қосымша құжат тапсырудың қажеті жоқ. ҰБТ-ның нәтижесі бойынша балл саны жағынан грант алғандардан кейін тұрған талапкерлер сараланған грантқа ие болады.

Әзірше сараланған грант бойынша оқудың төлемақысы 50/50 болып белгіленіп отыр. Бұл дегеніміз – жартысы бюджеттің есебінен өтелсе, қалғанын студенттің өзі төлейді. Сараланған грант иегерлеріне толық көлемде стипендия да төленеді. Ал оқу ақысының жартысын төлей алмаса, пайызсыз несие рәсімдеуге мүмкіндік беріледі.

Пайызсыз несиенің мерзімі

Биыл сәуір айында мемлекеттік білім беру несиесінің қағидалары бекітілген болатын. Соған сәйкес, пайызсыз несие 10 жылға беріледі. Ал бірнеше санатқа кіретін студенттер 15 жылға рәсімдей алады.

Олар:

  • жетім балалар;
  • көпбалалы отбасынан шыққандар;
  • мүгедектігі бар балалар;
  • табысы төмен отбасынан шыққан балалар.

Бұдан бөлек, пайызсыз несие алатын адам мынадай бірнеше талапқа сай болуы керек:

  • жоғары білімге ішінара ақы төлеуді көздейтін (сараланған) грант иегері болу;
  • бір кепілгердің болуы (жетім балаларға тарамайды);
  • білім беру жинақтау салымы туралы тіркелген шарты немесе білім беру қызметтерінің жалпы құнының кемінде 10 пайыз мөлшерінде жиынтық жинақтары бар білім беру жинақтау сақтандыру шартының болуы.

Несиені рәсімдеу тәртібі

Алдымен мемлекеттік білім беру несиесіне өтініш қабылдау туралы хабарлама жарияланады. Одан кейін 30 күннің ішінде электронды форматта немесе қағаз жүзінде құжат тапсыру керек.

1) үміткердің жеке басын куәландыратын құжат;

2) үміткер және ЖЖОКБҰ арасында жасалған білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт;

3) үміткердің өзінің дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісімі;

4) үміткердің мәліметтерді несиелік бюроларға ұсыну келісімі;

5) үміткердің операторға несиелік есеп беруге келісімі;

6) мемлекеттік білім беруді несиелеу шеңберінде (кәмелетке толмаған үміткерлер үшін) үміткердің несиелік шартқа және (немесе) онымен байланысты шарттарға қол қоюына заңды өкілдердің нотариат куәландырған келісімі;

7) кепілгердің жеке басын куәландыратын құжат (кепілгер болған жағдайда);

8) кепілгердің (кепілгерлердің) дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісімі (кепілгер (кепілгерлер) болған кезде);

9) кепілгердің (кепілгерлердің) Оператордың ол туралы мәліметтерді несиелік бюроларға беруіне келісімі;

10) кепілгердің (кепілгерлердің) Операторға несиелік есепті беруге келісімі (кепілгер (кепілгерлер) болған кезде);

11) жұмыс берушінің атауы мен деректемелерін және кепілгердің (кепілгерлердің) лауазымын көрсете отырып, кепілгердің (кепілгерлердің) жұмыс орнынан анықтама (кепілгер (кепілгерлер) болған кезде);

12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, соңғы 6 айдағы зейнетақы аударымдары туралы анықтама немесе кепілгердің жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмесі.

Өтініш 15 жұмыс күні ішінде қаралады және үміткерге жауап жіберіледі. Қажетті құжаттар жетпей жатса, үміткерге тағы 5 күн беріледі.

Ақша қалай аударылады

Үміткердің өтініші мақұлданса, 5 күннің ішінде несиелік шарт рәсімделеді. Ал ақша тікелей білім беру жинақтау салымына немесе шартта көрсетілген есепшотқа аударылады. Қарыз алушы келесі айдан бастап пайызсыз несиенің төлемдерін жасайды. Әлеуметтік осал топтарға кіретін студенттер ақша аударылғаннан кейін 6 айдан кешіктірмей бастаса болады.

Қарыз алушы қайтыс болған не ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайда мемлекеттік білім беру несиелері бойынша талаптар тоқтатылады. Мерзімді әскери қызметке шақырылған жағдайда мемлекеттік білім беру несиесін өтеу мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңіне, бірақ 2 жылдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады. Ол үшін өтініш жазу керек. Академиялық демалыс та несие төлеуді уақытша тоқтатуға негіз бола алады.