Бұқара

Елімізде кедейлікті азайтуға Қытай тәжірибесі қолданылатын болды

Қытайда 2017 жылдың өзінде 9 млн-нан аса ауылдық онлайн-дүкен, 28 млн жаңа жұмыс орны ашылған

«Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшылары Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды және ондағы кедейлікті азайту орталығының жұмыс тәжірибесімен танысты, деп хабарлады kaz.inform.kz.

Қытайдағы кедейлікті азайту орталығы халықтың аз қамтылған топтарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған стратегияларды әзірлеу мен енгізуде көшбасшы саналады. Бұл орталық ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысады, білім бағдарламаларын ұйымдастырады және миллиондаған адамға өмір сүру жағдайларын жақсартуға көмектескен практикалық бастамаларды іске асырады.

Бүгінде Қытайдағы барлық кәсіпорынның 80%-дан астамы жеке меншікте, олар жұмыс орындарының елеулі бөлігін қамтамасыз етеді. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, бұл үлкен әлеуметтік жіктелуге, халық табысындағы үлкен алшақтыққа әкеп соғып жатыр.

Осылайша, кедей аудандардағы инфрақұрылым да едәуір жақсарған:

  • 1,1 миллион шақырым жол қайта жаңартылды;
  • 35 мың шақырым теміржол салынды;
  • сумен жабдықтаудың жалпы көлемі 18,1 миллиард текше метрге өскен. 

Инфрақұрылымды дамыту миллиондаған адамдарды экономикалық айналымға тартуға мүмкіндік берді.

Қытайдағы кедейлікпен күресудің ең маңызды ерекшелігі – нақтылық пен атаулы сипаты.

Кедейлерге көмек көрсету және кедейлікті жою мақсаттарын іске асыруға ақпараттық қолдау көрсету үшін кедейлікке қарсы мемлекеттік ақпараттық платформа құрылған.

Соңғы 10 жылда Қытайда кедейлікке қарсы әлеуметтік бағдарламаларға 246 миллиард доллар инвестицияланды.

Жылдар бойғы күш-жігерден кейін 2020 жылы кедейлік шегінен төмен тұрған 100 миллион қытайлық ауыл тұрғындарының барлығы кедейліктен арылды, ал 832 уезд пен 128 мың ауыл кедейлер тізімінен шығарылды.

Айта кетейік, кедейлікті азайту орталығынан алынған білім мен тәжірибе «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында кедейлікпен күресудің жаңа тиімді әдістерін енгізуге көмектеседі.

Сонымен бірге, іссапарда қазақстандық делегация Қытай халықаралық кедейлікті азайту орталығы директорының орынбасары Ли Синь ханыммен, ҚКП ОК Халықаралық бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ли Минсянмен, Сун Цинлин атындағы жастардың ғылыми-техникалық және мәдени алмасу орталығының басшысы Го Синьбаомен кездесті.

Одан бөлек, партия өкілдері Циндао қаласы Лаошань ауданындағы жаңа ауыл шаруашылығы демонстрациялық аймағына барды және жергілікті деңгейде партиялық жұмыс құру тәжірибесін зерделеді.

Еске сала кетсек, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда басталған болатын. Биыл президент тапсырмасымен еліміздің барлық өңірінде, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында халық қаржылық сауатқа жаппай оқытылды. Жыл басында арнайы оқытылған 150 қаржы сарапшысы мен 20 білікті заңгердің пулы құрылды және бүгінгі күнге дейін 150 мыңнан аса адам жаңа білім алды. Оқу курсының қатысушыларына ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz онлайн-платформасы әзірленді. Сол сайт арқылы оқуға жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.