Көкшетауда мерзімі өтіп кеткен сусын сатылған
Растайтын құжат – фискалдық немесе тауар чегі
Базарда саналуан тауар толып жатқан бүгінгі әлемде тұтынушылардың құқығын қорғау халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етудің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігі мәселесі ерекше маңызға ие, себебі стандарттардың сақталмауы адамдардың денсаулығына ауыр зардаптар келтіруі мүмкін. Бұл мақалада біз өнімді таңбалаудың маңыздылығын қарастырып, лимон мен жалбыз дәмі бар «Витамикс» сусынына қатысты нақты жағдайды және заңбұзушылар қатарына енген бөлшек саудагерлер үшін ықтимал салдарларды талқылаймыз, деп жазды nur.kz тілшісі.
Әлеуметтік жобаны іске асыру аясында тұтынушылардың Көкшетау қаласында сатылатын тауарлар, олардың қауіпсіздігі мен сапасы, сондай-ақ сатушылар (дайындаушылар) туралы ақпарат алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында «Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің («МОТҚҚҚ» ҚБ) өкілі жасырын сатып алушы әдісін қолдана отырып, Көкшетау қаласындағы базарлардың бірінен лимон-жалбыз дәмі бар «Витамикс» пастерленген хош иісті газдалмаған алкогольсіз сусынын сатып алды (өндірушісі – «Дарида» ЖК, Беларусь Республикасы).
Таңбалауда көрсетілген деректерге сәйкес, бұл өнімнің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Бұдан бөлек, сатушы тауардың сәйкестігі туралы декларацияны ұсынбаған.
Сатып алынған өнім кешенді зерттеу жүргізу үшін ДСМ Ақмола облысы бойынша ҚСЭК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген санитарлық-гигиеналық зертханасының гигиена бөлімшесіне тапсырылды.
«Тағамдық өнімдердің таңбалануы бойынша қауіпсіздігі» КО ТР 022/2011 талаптарына сәйкестігіне зерттеу жүргізу барысында мынадай заң бұзушылықтар анықталған:
- Азық-түлік өнімінің жарамдылық мерзімі өткен: өндірілген күні – 25.12.2023 ж., жарамдылық мерзімі – 25.06.2024 ж.
- Қаптамасында мемлекеттік тілде ақпарат берілмеген. Демек орыс тілін білмейтін тұтынушылар өнімнің құрамы, сақтау шарттары, оның жарамдылық мерзімі және пайдалану жөніндегі нұсқаулық сияқты маңызды ақпаратты ала алмайды деген сөз. Ал бұл жайт өнімнің дұрыс пайдаланылмауына апарып соғып, соның нәтижесінде денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.
Мерзімі өткен өнімді сатып алудың салдары
ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 30-бабы 1-1-тармағына сәйкес, сатушы (өндіруші) жарамдылық мерзімі өтіп кеткен, техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін тауардың айырбасталуын немесе қайтарылуын қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар сатып алушы сауда нүктесіне жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы өтінішпен аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жүгінуге құқылы.
Сарапшының айтуынша, жоспардан тыс тексеру жеке немесе заңды тұлғадан өтініш түсіп, дәлел ретінде растайтын құжаттар қоса берілген жағдайда ғана жүргізіледі. Растайтын құжат – фискалдық немесе тауар чегі. Өтінішке фото/бейнематериалдарды қосқан жөн.
Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында көзделген тиісті шараларды қабылдау мақсатында зерттеу материалдары құзыретті органдарға жолданды.
Сатушылардың заңбұзушылық үшін жауапкершілігі
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарларды сатуы өрескел заңбұзушылық саналады және әкімшілік жауапкершілікке апарып соғады. Мұндай заң бұзушылықтарға жол берген сатушыларға айыппұл салынуы мүмкін. Айыппұл мөлшері бизнес санатына байланысты болады: шағын кәсіпкерлерге 45 АЕК-тен (166 140 теңге) 150 АЕК-ке (553 800 теңге) дейінгі көлемде. Заң бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері айтарлықтай ұлғайтылуы мүмкін, ал ерекше ауыр жағдайларда тауарлар тәркіленіп, кәсіпорын жабылуы мүмкін (Қазақстандағы 2024 ж. АЕК мөлшері: https://www.gov.kz/ memleket/entities/kyzylorda-syrdarya/press/events/details/24133?lang=ru).
Сатушыға тұтынушылардың тауар мен дүкеннің фото/бейне түсірілімін дәлел ретінде пайдалану құқығын шектеуге тыйым салынады.
Осыған ұқсас фактілер бойынша сұрақ туындаған жағдайда Instagram желісіндегі OZPP.KZ сілтемесі бойынша: https://www.instagram.com/ozpp.kz/, немесе 87054222739 телефонына хабарласуға болады.