Өзіміздің өнім

Ауылда жас жұбайлар бір тоқтының ақшасына бастаған кәсіпті дамытып отыр

Олар банктен несие алып көрмеген

Ақтөбе облысында жас отбасы бір тоқтыны 17 мың теңгеге сатып, сол табысына кішігірім кәсіп бастаған. Алғашында тек пакет сатып, ақшаның басын құраған ерлі-зайыпты қазір жұмысшыларға арналған қолғап тоқу өндірісін дамытып отыр.

Ақтөбе облысының Алға ауданынына қарасты Бестамақ ауылының тұрғыны Илиза Жұмағалиева жолдасымен бірге отбасылық кәсіпті дөңгелетіп отыр. Ерлі-зайыпты кішкентай ауылда тұрса да Ақтөбе облысының бірнеше ауданын жұмысқа арналған қолғаппен қамтамасыз етіп келеді.

Олар 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы алған 7 млн теңгеге 2 станок сатып алған.

Жұмыс қолғабы автоматтандырылған станокпен 2-ақ минутта тоқылып шығады екен.

Ерлі-зайыптылар қолғап тоқу ісін түнгі уақытта бастайды. Себебі ауылда электр энергиясы әлсіз. Автоматтандырылған станок мұндайда тоқтап қалатын көрінеді. Сондықтан олар адамдар ұйқыға жатты-ау дегенде сарайға барып, станоктарын іске қосады.

Жас отбасының бұл кәсіпті бастағанына 2 жыл болған. Жолдасы станоктарды іске қосып, үздіксіз жұмыс істеуін қадағалайды. Зайыбы тоқылған қолғаптың артық жібін қиып, резеңкесін фенмен кептіріп отырады. Кейін дайын болған қолғаптарды 10 жұп қылып түйіп, тапсырысты дайындайды.

Банктен несие алып көрмеген отбасы кәсіппен айналысуды қалай бастағанын да айтып берді.

Олар бүгінде 3 бала тәрбиелеп отыр. Келінінің ептілігіне енесі де риза. Үйдің шаруасын, мал қарауды, кәсібін шыр айналдырып отырғанын айтады.

Ардақ ЕРУБАЕВА,

KAZ.NUR.KZ