Бұқара

Алаяқтар астаналық қариялардан 100 млн теңгеден аса ақша иемденген

Барлығының жеке басы анықталды

Полицейлер егде жастағы астаналықтардан миллиондарды алдап алған жалдамалы алаяқтарды анықтады.

Алаяқтар телефон арқылы қоңырау шалып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтардан үлкен сомадағы ақшаны алдап алған.

Қаскүнемдер терроризмге демеушілік жасауға қатысы бар деген сылтаумен жәбірленушілердің банктік шоттары тексеріліп жатқанын хабарлаған. Бұл ретте заңсыз операцияның алдын алу үшін астаналықтарға барлық қолда бар қаражатты «қауіпсіз» банктік шотқа аудару ұсынылған.

Осылайша, қаланың 68 жастағы тұрғыны алаяқтарға алданып, оларға 75 млн теңге ақшасын берген. Ер адам ақшаның бір бөлігін, яғни 20 млн теңге мен 35 мың долларын такси курьері арқылы беріп жіберген. Ал такси жүргізушісі өз кезегінде ақша салынған пакетті белгісіз адамға берген.

Басқа бір жағдайда алаяқтар 70 жастағы астаналықты алдап, оның 55 млн теңгеден аса ақшасын иемденген. Ол 59 мың долларын және сувенир монеталарды дропперге берген. Қалған бөлігін әртүрлі шоттарға аударған.

Қазір полицейлер алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Қылмыс жасаған басқа да алаяқтардың орналасқан жері анықталып жатыр. Күдікті Астана қалалық ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.