Өзіміздің өнім

Қазақстандық ғалымдар жоңышқаның жаңа түрін ойлап тапты

Ол аязға да, құрғақшылыққа да төзімді

Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе станциясының селекционерлері жоңышқаның «Қарабалық інжуі» атты жаңа түрін ұсынды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Қазір мамандар көпжылдық зерттеулер нәтижесінде шығарылған бұл гибридті жаңа сорттың сапасын жоғары бағалап отыр.

Гүлдену басталғанға дейінгі вегетациялық кезең небәрі 64 күнді қамтиды. Ал тұқымның толық жетілуіне шамамен 107 күн қажет. 1 гектар жерден 191 центнерге дейін жасыл масса, 69 центнер шөп және 2,3 центнер тұқым алуға болады.

«Қарабалық інжуі» аязға әрі құрғақшылыққа бейімделген. Сондай-ақ түрлі ауру мен зиянкесткерге төзімді. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, жоңышқаның бұл түрі көктем мезгілінде ерте өсе бастайды. Осының арқасында шаруа қожалықтары оған қазірдің өзінде үлкен қызығушылық танытып отыр.