Сабаққа тура бір ай қалды: елордада мектеп жәрмеңкелері өте бастады
Шара 31-тамызға дейін жалғасады
Қазір Астанада мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылып жатыр. Қала тұрғындарының назарына оқушыларға арналған кеңсе тауарлары, оқу құралдары мен мектеп формалары ұсынылады. Бағасы да қолжетімді. Өткен жылмен салыстырғанда 10% төмендеген. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.
Саудагерлер де жәрмеңкедегі тауар бағасының нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан екенін айтады. Бұл жәрмеңкелер сатып алушылар үшін ғана емес, кәсіпкерлер үшін де тиімді деп отыр олар.
Бұл жәрмеңкелер «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында өтіп жатыр. Акция нәтижесінде әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардан шыққан балалар мектеп формалары мен қажетті құрал-жабдықпен қамтылады.
Бүгінде Астанадағы мектеп жәрмеңкелері 12 жерде ұйымдастырылып отыр. Шара 31-тамызға дейін жалғасады.