Әмиян

Биыл жарты жылда қазақстандықтар 500 млрд теңгеге жуық әлеуметтік төлем алған

Жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау – жұмыс істемейтіндерге қарағанда әлдеқайда жоғары

2024 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 1 миллионнан аса қазақстандық Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 5 әлеуметтік тәуекел бойынша 453 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер алған. Бұл туралы Halyq Uni тілшісі хабарлады.

Еңбекке қабілеттіліктен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. МӘСҚ-тан төлем медициналық-әлеуметтік сараптамада белгіленген 30%-дан 100%-ға дейінгі дәрежеде және еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан, жалпы еңбекке қабілеттілігін жоғалту кезеңінде іске асырылады. 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша төлемді 23,1 млрд теңге сомасына 94,8 мыңнан аса адам алды. Бұл – 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 31%-ға артық. Белгіленген төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 57 220 теңгені қамтығанын мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

МӘСҚ-тан жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға оның жұмыстан шығарылу себебіне қарамастан тағайындалады. Негізгі шарт – жұмыссыз ретінде тіркелу. Төлем мөлшері жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейінгі соңғы 2 жыл ішінде МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, жүйеге қатысу өтіліне және табысты ауыстыру коэффициентіне (45%) байланысты. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында аталған төлем 39 млрд теңге сомасына іске асырылды. Оны 180,2 мың адам алды. Бұл – 2023 жылдың 6 айында алушылар санынан 1,6 есе артық. Белгіленген төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері – 73 081 теңге.

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем жүктілік және босану бойынша демалыстың барлық күніне тағайындалады. Төлем мөлшері жүктілікке және босануға байланысты демалыс күніне дейінгі соңғы 12 айда МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады. 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша бұл біржолғы төлемді 129,5 мың адам жалпы сомасы 180,8 млрд теңгеге алды. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 11%-ға артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 528 846 теңгені қамтыған.

Осылайша, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау – жұмыс істемейтіндерге қарағанда әлдеқайда жоғары.