Таразы

Аңның ағзасы адамға ем бола ма?

Қасқырдың жыныс мүшесінің бір данасы 5-10 мың теңгеден сатылып жатыр

Бұрын аңшылар тон, ішік сынды түрлі киім тігетін фабрикалар мен тері өңдеу цехтарына аң-жануарлардың терісін ғана өткізетін. Ал қазір «Заманына қарай адамы, адамына қарай амалы» дегендей, «мың түрлі ауруға ем» деген желеумен аю, қасқыр, борсық, суырларды басынан бақайшығына дейін сату үрдісі үдеп кетті. Тіпті, қоянның құмалағы да өтімді болып тұр. «Арам ет денсаулыққа зиян емес пе?» деп дәрігер мамандардың кеңесін алып отырған тұтынушы да жоқ. Шеттерінен «халық еміне» жүгінгіш болып алған. Сондықтан «Аңқау елге арамза молданың» керін келтірген аңшылар да түз тағыларының әр мүшесін қымбатқа бағалауға көшіпті.

Аюдың өті – 50 мың теңге!

Сонымен, жұрт «ем болады» деген сеніммен табиғатқа қырғидай тиіп жатыр. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты интернетте «Шыңжаң қазақтарының аңшылық дәстүрлері» деген жазба жариялады.

Сол себепті бүгінде аюдың өті 50 мың теңгеге сатылып жатыр. «Ауырмаңыз» газетінің тілшісі «Аюдың өтін сатамын» деген жарнама иесімен сөйлесіп көрген екен. Әрине, тауарын өткізудің амалын білетін сатушы оны «бастан башпайға дейінгі мың да бір ауруға ем» деп, әбден мақтауын келістірген.

Айтуынша, оған өтті аңшылар 40-45 мың теңгеге өткізеді екен. Өзі соның үстінен 5 мың теңге пайда көріп отыр-мыс. Ішкі баға сондай болғанмен, шетелдіктер одан да қымбатқа сатып алуға дайын көрінеді.

Бір ғажабы, аюдың өтін кезінде денесіне шешек шығып, онысы асқынып кетіп, өлім аузында жатқан Құнанбай қажы да емге пайдаланған екен. Атақты Ырғызбай тәуіп оны қоңыр аюдың өтімен емдеп, аман алып қалыпты.

Демек, әлгі сатушы әйел айтқандай, аюдың өтін қайнаған суға араластырып іше салуға болмайды. Еске сала кетсек, одан Шығыс медицинасында, әсіресе жапон елінде аса қымбат дәрі-дәрмек жасалатыны рас. Моңғолия, Қытай, әсіресе Тибет медицинасында жиі қолданылады. Алайда жүкті, емізулі нәрестесі бар әйелдерге, туберкулезбен ауыратындарға аюдың өтін қолдану қауіпті. Ауру үстіне ауру жамап, ағзадағы қауіпті ауру ошағын қоздырып алуы мүмкін.

Қазақстанда аюдың өзі көп те емес. Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында ғана бар. Онда да Алтай таулы ормандарының Шығыс Қазақстан бөлігінде 2 200, Жоңғар Алатауы жақта 550-дей ғана қоңыр аю бар екен. Қазір елімізде саудаға түсіп жатқаны – сол қоңыр аюдың өті.

Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аң шаруашылығы комитеті онсыз да қатары сиреп қалған аюды арнайы аңшылық маусымында есеппен атуға рұқсат еткен десек, 50 мың теңгеге өт сатушыларға оны браконьерлердің жеткізіп беруі ғажап емес.

Құртқаның қынабы да өтімді

«Ұрғашы қасқырдың жыныс мүшесінен жасалған тұмар пайдалы» деседі біздің бұқара. Оның бір данасы 5-10 мың теңгеден сатылып жатыр. «3 мың теңгеден беремін» дейтіндер де бар. «Шипалық қасиетіне» келсек, оны бала көтере алмай жүрген әйелдер мен белі әлсіз ерлер бойында алып жүрсе, қуаттанып, бала сүйеді-міс. Тіпті, құмар ойынымен айналысатындар да қолы жақсы жүреді деген сеніммен құртқаның қынабынан тұмар жасатып алады екен.

Бұдан бөлек, Жазушылар одағының мүшесі Мылтықбай Ерімбетов Әбибулла есімді қақпаншы туралы естелік жазды. Сонда аңшы күтімсіздіктен жас босанған әйелдердің омырауы ісіп кетсе, оған қасқырдың бауырын кесіп, кесеге кішкене езіп, екі рет жаққанда, ісіктің беті қайтатынын айтқан. Сондай-ақ 11 жыл бала көтермеген әйел суық тиген несеп жолына жағу үшін одан қасқырдың ішмайын алдыртқан. Туберкулезбен ауыратын тағы бір әйел қасқыр сойып жатқан қақпаншыдан оның екі бүйрегін сұрап алып, шоққа аунатып-аунатып, жей салыпты.

Оған қоса, қасқырдың майы буын ісінуін басады, тыныс жолы ауруларын емдейді, тамақ қабынғанда, қолқаға суық тигенде пайдалы, денеге шыққан түрлі жаралардың тез бітіп кетуіне сеп дегендей «ем-домы» толып жатыр. Алайда оны 7 жасқа дейінгі балаларға ішуге болмайды. Ересек адамның өзі күніне бір-екі қасықтан артық ішсе, өкпені күйдіріп жіберуі мүмкін. Сөйтіп, қазір бұл «шипалы майдың» да 150-200 грамы 3-4 мың теңгеге бағаланып отыр.

Ал оның тісі – жағымен бірге. Суырып алуға тырыссаң, сынып кетеді. Оны ит қапқан балаға жақсы ем деп білетіндер суға салып, баланы шомылдырады. Халық арасында сұранысқа сұмдық ие болып алғаны сондай, қасқырдың бір азуы да қынабы сияқты 3-10 мың теңге аралығында сатылады. Ал азуды бойтұмар немесе кілт салғыш ретінде зергерлерге арнайы жасатсаңыз, бағасы 40 мың теңгеге дейін жетеді. Тіпті, тырнағынан жасалған тұмардың өзі 2 мың теңге тұрады. Өйткені онымен шаншу қадалған адамды емдеуге болады екен.

Аюдың өті сияқты, қасқырдың да кептірілген өті сатылымда жүр. Біреуі 10-15 мың теңге тұрады. Оны суықтан, ауыр салмақтан болатын буын-омыртқа ауруларына, түрлі іш құрылысы дерттеріне қарсы қолданады.

Ол аздай, оның терісін емге қолданатындар бар екен. Мысалы, 2018 жылы иленбеген бір терісі – 50 мың теңге, ал иленіп, ішік, тон, тұлып, аяқкиім тігуге жарайтындары 200 мың теңгеге дейін шарықтағаны есімізде.

Қысқасы, наным-сенімге әбден бой алдырып алған қарапайым жандар үшін осы бір түз тағысының ем емес жері жоқ болып шығады.

Қыза-қыза келе, 2021 жылы қасқырдың майымен коронавирустан қорғануға болатыны да айтылып қалды. Алайда дәрігерлер қасқыр майының иммун­түрлендіруші немесе кез келген өкпе және респираторлық ауруларға қарсы емдік қасиеті жоқ екенін ескертіп үлгерді. Сондай-ақ ДДСҰ ұйымы коронавирусқа қарсы халық арасында кең таралған ем-домның ешқайсысына дәлел жоқ екенін мәлімдеді. Өйткені кез келген аң-жануар майының пайдасы туралы бірде-бір ғылыми-зерттеу жасалмаған.

Қасқыр мен қабанда паразит көп

Енді «қоянның миын талма, қалтылдақ ауруға қуырып береді», «суырдың қуығын кептіріп, несебі тұтылған кісіге жегізеді» дегендей бірдеңелер тарай бастады. Сонымен қатар Түркістан облысының Мақтаарал ауданында жұртқа сынықшы ретінде танылған Медетбек Жолшиев деген кісі Саид Юлдаш Әлидің «Мен емшімін» деген кітабынан жұртты қоянның қанымен емдеуді үйреніпті.

Онымен қоймай, емші қоянның құмалағын жинап, оны нан арасына салып, шыжың дертіне шалдыққан балаға берсе, тез жазылатынын алға тартып отыр.

Енді мамандардың кеңесіне құлақ түрсек, қасқыр – қауіпті инфекцияларды тасымалдаушы. Себебі ол кейде өлексе жейді.

Бұл ретте нарықта 5 мың теңгеден сатылып жатқан құрқылтай ұясының «80 түрлі ауруға ем» екеніне тоқталмай-ақ, бізге сұхбат берген кәсіби аңшы Нұржан Жолдыбекұлының пікіріне кезек берейік.

Сондай-ақ «ұрғашы қасқыр сарпайы ешкімге бұйырмас үшін артын тістеп тастайды» дейді. Бұл – жалған. Алдыңда қашып келе жатқан қасқырға артынан атқан оқ артына тимей ме?! Сосын ол орнында айналып, жанына батқан жерін тістелейді. Демек, оқ қай жеріне тисе, сол жерін жұлмалайды», – дейді Нұржан Жолдыбекұлы.

P.S. Біз халық емін түбегейлі жоққа шығаруды мақсат тұтып отырған жоқпыз. Тек Құнанбай қажыны емдеген атақты Ырғызбай тәуіп сияқты білгір адамды табу қиын. Сондықтан оқырманға қазіргі бақсы-балгер, тәуіп-құшынаштың бәріне илана берудің түбі жақсылыққа апара қоймайтынын ескерту – парыз. Бактериядан зардап шеккен ағзаңызды дұрыстаймын деп жүріп, аң-жануардың қан, сүт, зәріндегі паразитке жем қылып алмағаныңыз абзал.