Әмиян

Шымкенттің экс-әкімінің ағасы балаларына 50 мың теңге алимент төлеп отыр

Әйтенов пен Әтешова арасындағы дау бұнымен бітпеді

Отбасын күштеп үйден қуып шыққан Марат Әйтенов бұрынғы зайыбы Дана Әтешованың көп сөзін жалған деп, мүлік үшін жанжалдаспайтынын және онымен таласқа түспегенін мәлімдеді. Бұл туралы Barys Media Youtube-арнасында айтылды.

Әйтеновтің айтуынша, ол бала-шағасын шығарып жіберген үйді 2017 жылы әкесі сатып алған. Онда қарындасы мен әкесі 1 жыл тұрған екен. 2018 жылдың шілдесінен кейін Марат Әйтенов отбасымен бірге әкесімен бірге тұруға келіседі. Бірақ 1 жылдан соң әкесі бөлек кетсе керек. Әкесі бұл үйді кейін оған сый ретінде табыстап, атына аударып берген. Мұндай үйлер бөліске салынбайды дейді ол.

Айтуынша, кейін әйелі үйді де, пәтерді де талап етіп, балалардың атына жазуды сұраған. 

Екеуі ажырасқан соң Әйтенов Дана Әтешоваға Land Cruiser көлігін және Астанадағы 4 бөлмелі пәтерді берген. Бірақ ол аздық етті деп отыр. 

Сондай-ақ ол әйелінің меншікті босату шешімін орындамағанын және балаларды жазғы демалыс уақытында 1 ай онымен тұруға бермегенін атап өтті. Айтуынша, ол Әтешованың осындай мәлімдемелерінен кейін жұмысынан шығып қалған және көп мекемелер онымен жұмыс істегісі келмейді. 

Сондай-ақ сөз арасына осыған дейін бала-шағасының барлық шығынын алиментсіз-ақ жауып жүргенін де қоса кетті. Бірақ кейін әйелі одан алимент талап еткен.

Одан бөлек, балаларына мектеп құралдарын, киім, балабақша, демалыстарын төлеп беруден қашпайтынын жеткізді.

Еске сала кетсек, Дана Әтешова 12 шілдеде бұрынғы күйеуі мен оның адамдары тәртіп сақшыларымен өзін үйден күштеп қуып шықпақ болғанын айтқан болатын. Ол Марат Әйтеновтің үстінен бірнеше рет шағымданған. Ал бұрынғы күйеуі – Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Мұрат Әйтеновтің ағасы. Сондай-ақ Дана Әтешова президенттен көмек сұраған еді.