Табыс

Ақтөбелік кәсіпкер Олимпиада чемпионы атанған Елдос Сметовке 100 жылқы сыйлады

Ол – дзюдодан барлық әлемдік атақты иеленген жалғыз қазақстандық спортшы

Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы атанған Елдос Сметовке ақтөбелік кәсіпкер Ануар Маханов 100 жылқы сыйлады.

Олимпиада ойындарында 60 келі салмақта сынға түскен қазақ балуаны қарсылас шыдатпай, чемпион атанды. Ал елімізде ұлдарын ұлықтауға асыққандардың қатары қисапсыз. Солардың бірі – Ақтөбе облысының Байғанин ауданына қарасты Жарқамыс ауылының тумасы Ануар Маханов. Ол көптеген қазақ жанкүйері сияқты Елдостың жеңісіне ерекше қуанып, чемпионға 100 бас жылқы сыйлайтынын мәлімдеді. Кәсіпкер Париждегі Елдоспен тікелей сөйлесіп, сыйлығын дайындап қойғанын да жеткізген.

Еске сала кетсек, Елдос Сметов – дзюдодан барлық әлемдік атақты иеленген жалғыз қазақстандық спортшы. Ол әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Олимпиаданың күміс, қола және алтын жүлдегері атанған.