Әмиян

Қазақстандықтар үшін де ең төменгі жалақы мөлшері халықаралық стандарттарға сай болмақ

Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын әзірледі.

Министрліктің мәліметінше, заң жобасын қабылдау қызметкерлер мен олардың үй шаруашылықтарының қажеттіліктерін ескере отырып, ең төменгі жалақының тиісті деңгейін белгілеуге мүмкіндік береді. Ең төменгі жалақы деңгейін белгілеу бөлігінде халықаралық стандарттарды одан әрі енгізуді қамтамасыз етіп, Қазақстанның осы саладағы халықаралық нормаларды сақтауға және орындауға бейілділігін растайды.

Сондай-ақ заң жобасын қабылдаудың теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайтыны айтылды.

Еске сала кетсек, дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы конвенция 1970 жылы 3 маусымда ХЕҰ Бас конференциясында қабылданған болатын. Қазір конвенцияны ХЕҰ-ға мүше 54 мемлекет ратификациялады. Оның ішінде ТМД мемлекеттері арасынан Армения мен Әзербайжан да бар.

Конвенцияның мақсаты – жалдамалы жұмыс істейтіндердің барлық тобын қамтитын ең төменгі жалақыны белгілеу. Ол экономикалық қызметтің барлық саласына және жұмысшылардың барлық санатына қолданылады.

Ведомство Қазақстан Республикасы заңнамасының конвенция ережелеріне сәйкес келетінін жеткізді.

Құжат 2024 жылғы 8 тамызға дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталына орналастырылған.