Билік

Колонияларға кәсіпкерлерді тарту мәселесі әлі де өзекті болып тұр

230 сотталған азамат жұмысқа орналасқан

Кәсіпкерлікті дамыту үшін түзеу мекемелеріне кәсіпкерлерді тарту мәселесі өзектілігін жоғалтпай тұр. Бұл туралы Адам құқығы жөніндегі уәкіл Артур Ластаев айтты.

Бұл ретте ол ШҚО Шемонаиха ауданында орналасқан қауіпсіздігі барынша жоғары ҚАЖК №18 мекемесінде болған еді. Омбудсмен колониядағы сотталғандардың жағдайымен танысып, мекеменің ең төменгі халықаралық стандарттарға сәйкестігін тексеріп, асхана, тұрғын үйлер, медициналық пункт, өндірістік нысандарды аралап шықты.

Сотталғандармен жеке әңгімелесу барысында оларды жұмыспен қамту мәселесі де сөз болды. Қазір колонияда ағаш, металл және жиһаз жасаумен айналысатын 7 кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар, 2 жылыжай мен техникалық қызмет көрсету станциясы бар. Барлығы 230 сотталған азамат жұмысқа орналасқан. Бұл ретте жұмыс орындарына деген сұраныс ұсынысқа қарағанда айтарлықтай көп екендігі айтылды.

Уәкіл сотталғандарды жеке қабылдап, олардың өтініштерін тыңдады. Сондай-ақ сотталғандардың шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны жеңілдету институтын жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы сұрақтарына жауап берді.