Қазақстандықтар онлайн саудамен-ақ 2 трлн теңгенің тауарын сатып алған
2025 жылға қарай әлемдегі интернет-сауданың үлесі бөлшек саудадан 25% асып түседі
Бүгінде Қазақстан тұрғындары киім, аяқ киім, азық-түлік, дәрі-дәрмекті интернет арқылы сатып алуды жиілеткен. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.
Оның айтуынша, енді Қазақстанда электронды сауда инфрақұрылымын дамыту маңызды.
Бұл ретте халықпен қатар, бизнес өкілдерінің де цифрлық сауатын арттыру қажет. Оған электронды коммерцияға оқыту орталықтары ішінара ықпал етеді. Ал ондай орталықтарды бүкіл республика бойынша ашу маңызды.
Бүгінде Қазақстан билігінің алдында отандық онлайн-дүкендерді дамыту мақсаты тұр. Өйткені 2025 жылға қарай әлемдегі интернет-сауданың үлесі бөлшек саудадан 25% асып түсуге тиіс. Бұған онлайн және офлайн-дүкендердің бизнес үдерістерінің өзгеруі, өнімді орналастыру мен жарнамалаудың жаңа форматтары ықпал етіп отыр. Мұның барлығы сатып алушыларды кеңінен тартуға мүмкіндік береді әрі олардың уақытын үнемдейді.
Біздегі нарықтың ауқымды бөлігі шетелдік интернет-алаңдарға тиесілі. Осы мүмкіндікті өз өнімдерімізді әлемдік нарыққа өткізудің қосымша арнасы ретінде пайдалануға болады.