Әмиян

Жетісу облысында 23 мыңнан аса адам cалықтан жалтарып жүр

Оның ішінде 2 мыңға жуық кәсіпкер бар

Бұл – былтырмен салыстырғанда 2 есе көп жағдай. Бүгінде өңірлік мемлекеттік кірістер департаменті 1 млрд теңгеге жуық қаржы өндірген.

Әсіресе жетісулық кәсіпкерлер арасында тапқан табысын жасырып, салықтан жалтару фактілері көбейіп барады. Былтыр да осындай келеңсіз оқиғалар болған еді. Дегенмен іске сот араласып, кәсіп иелері заң аясында тығырыққа тірелген. Биыл 2 мыңға тарта кәсіпкер мемлекетке салық төлеуден қашып жүр.

Аталған департамент өкілдері соңғы 6 ай ішінде 14 салықтық тексеріс жасаған. Тексеріс барысында 1,614 млрд сомасында берешек анықталған. Оның 975 миллионы өндіріліп, қалған қаржы бойынша шаралар қабылданыпты. Өкінішке қарай, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш көңіл көншітпейді.

Департамент мамандарының айтуынша, көлік салығын төлеу тәсілі жеңіл. Қазір kaspi.kz, halyk, forte қосымшалары арқылы кез келген жерде қарызынды өтей аласыз. Тіпті шетелде жүріп те бұл процесске араласуыңызға болады. Тек қосымша ішінде көрсетілген анықтамаларды мұқият толтыруыңыз шарт. Мәліметтен қате кетпеуі қажет.