Депутат БЖЗҚ ақшасына тіс емдетуді тоқтатуға қарсы
Денсаулық сақтау министрі кім үшін жұмыс істейді? - деді ол
Мәжіліс депутаты Марат Башимов Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына қарсы шығып, ұсынысты қарастырмау керектігін айтты.
Еске сала кетсек, зейнетақы қоры тіс емдетуге берілетін бір реттік төлемге уақытша тыйым салмақ. Бұған қатысты Денсаулық сақтау министрлігі бұйрығының жобасы л Ашық НҚА порталына жарияланды. Ал депутат Марат Башимов Facebook-тегі парақшасына «Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлмағамбетова кім үшін жұмыс істейді?» деп жазды. Одан әрі ол мұндай шешімнің халық мүддесіне қарсы екенін айтып, бірнеше аргумент тізді.
Ал ұсыныс бойынша БЖЗҚ қаражаты енді тек балаларды емдеуге жұмсалмақ. Марат Башимовтың айтуынша, ата-аналар ондайда бүкіл қажетті анықтамаларды жинап әуреленеді, кейін бюрократияға тап болады. Сондықтан ол бұйрық күшін жоюы керек деп есептейді.
Бірақ одан кейін Денсаулық сақтау министрлігі протездеу және имплант орнату бойынша қымбат тұратын стоматологиялық қызметтерге қаражатты пайдалануды 2024 жылғы 10 тамыз бен 2025 жылғы 1 ақпан аралығында уақытша тоқтата тұру жоспарланып отырғанын түсіндірді. Өйткені біржолғы зейнетақы төлемдері жөніндегі уәкілетті оператор «Отбасы банк» АҚ ақпараты бойынша, БЖЗҚ-дан қаражатты стоматологиялық қызметтерге пайдалану кезінде нысаналы емес шығару жағдайлары тіркелген. Банктің мәліметінше, жүргізілген қызметтік тексерулер барысында жалған құжаттарды пайдалану және нақты медициналық қызметтерді көрсетпеу фактілері анықталып отыр.
Осы уақытта біржолғы зейнетақы төлемдері жөніндегі уәкілетті оператор қаражатты мақсатсыз пайдалануға жол бермеу және стоматологиялық қызметтер көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде тиісті жұмыс жүргізуге ниетті.