Шымкентте қысым көрген бір топ кәсіпкер қала әкімдігінің алдына жиналды
Күнара айыппұл салуды әдетке айналдырған жауаптылар енді тұрған тауардың тас-талқанын шығаруға көшкен
Бүгін Шымкентте құм мен шағыл тас сататын 50-ден аса азамат қала әкімдігінің алдына жиналды. Ғабит Сыздықбековпен кездесуге келген жұрттың тілегі бір. Олар жергілікті билік жеп отырған нанымыздан айырмаса екен дейді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлады.
Жиналғандар қаладан 10 шақырым жердегі базарға көшу туралы әкімдік талабымен келіспейді. Олар күнара айыппұл салуды әдетке айналдырған жауаптылар енді тұрған тауардың тас-талқанын шығаруға көшкенін айтады.
Кәсіпкерлер билік өкілдерінің бұл әрекетін оларды қала сыртындағы базарға көшіруінің жалғыз амалы деп санайды. Шымкент бойынша дәл осындай ұсақ құрылыс заттарын сататын 20-дан аса нүкте бар екен. Оның барлығы жер үйлер орналасқан аумақта жұмыс істейді. Әрқайсысында кемі 20 қызметкер бар көрінеді. Осылай деген кәсіп иелері шенеуніктердің уәдесіне сенуден қалдық дейді.
Әкімдік өкілдері кәсіпкерлердің тауарын талқандағанын не растаған жоқ, не жоққа шығармады. Айтуларынша, шағыл тас пен құмды қала ішінде сату бюджет қаржысына салынған жолдың тоз-тозын шығаруы мүмкін. Сондықтан жыл басынан бері ескертіп келе жатырмыз деген атқамінерлер қала сыртында бес бірдей базардың жұмысқа дайын тұрғанын айтады.
Бұған кәсіпкерлердің көзқарасы кереғар. Айтуларынша, жаңа базар қаладан 10 шақырым жерде орналасқан.
Кәсіп иелері қала басшысымен кездесу үшін әкімдік алдында күн ұзаққа отырды. Алайда жиналған жұртпен жүздесу үшін Ғабит Сыздықбеков сол күйі шыққан жоқ.