Qarmet биыл 3,5 млн тонна болат өндіргелі жатыр
Онда қазір 35 мыңнан аса адам жұмыс істейді
Qarmet – сонау 1944 жылдан бастап Қазақстанда ішкі қажеттілікті де, экспорттық сатылымды да қамтамасыз етіп келе жатқан ірі әрі бірегей кәсіпорынның бірі. Кәсіпорын биыл 3,5 млн тонна болат өндіруді көздеп отыр. Әзірге комбинат жыл басынан бері жоспар бойынша оң динамика көрсетіп келеді. Өндіріс орнында небәрі 6 айдың ішінде 1 миллион 660 мың тоннадан астам болат және 1,5 миллион тонна шойын өндірілген. Мамыр айының өзінде Qarmet 330 мың тоннадан астам болат өндірді. Бұл – комбинат жұмысының соңғы 9 жылдағы ең жақсы нәтижесі, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Технология қарыштап қанша дамығанмен, салада металлургтердің еңбегі зор. Онда қазір 35 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Олардың барлығы нәтижелі жұмыс істеп келеді. Соның бірі – Дмитрий Павлов. Ол компанияда 20 жылдан аса уақыт бойы еңбек етіп келеді. Айтуынша, өндіріс орнын ұлттық компания сатып алғаннан бері жағдай айтарлықтай жақсарған.
Айта кетейік, бүгінде компанияда өндірістік объектілерді ауқымды жаңғырту және реконструкциялау, еңбек жағдайларын жақсарту және заманауи экологиялық стандарттарды енгізу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.