Қызылордада адвокат пен зайыбы таныстарынан 8 млн теңгені алдап алған
Екеуіне 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды
Қызылорданың №2 қалалық сотында қызметтік мансабын асыра пайдаланып, алаяқтыққа барған адвокат пен оның жұбайының ісі сотта қаралды.
Анықталғандай, сотталушы А. адвокаттық қызмет көрсетіп жүріп, әйелі сотталушы Г.-нің танысы М.-ны қылмыстық іс бойынша жауапкершіліктен босатып беремін деген негізбен оны алдап, сенімін теріс пайдаланып, оған қатысты тексеруді тоқтатып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастамау мәселесін департаменттің лауазымды тұлғаларымен шешіп беремін деп, 8 млн теңге пара беру керектігіне сендірген.
Алаяқтық пиғылдарынан бейхабар болған жәбірленуші М. олардың алдауына көніп, тексеруді тоқтату үшін 8 млн теңге пара беруге келісімін беріп, 5 млн теңгені қолма-қол ұстатқан.
Осыдан кейін сотталушылар А. мен Г. аталған 5 млн теңгені алдап алғанымен қоймай, қылмыстық іс-әрекеттерін соңына дейін жеткізу мақсатында қалған 3 млн теңгені алу үшін қайта-қайта хабарласып, департаменттің лауазымды тұлғалары параның қалған бөлігін сұрап жатқандығын, тексерудің тоқтатылатынын, алған ақшаны департаменттің лауазымды тұлғаларына бергендігін айтып сендірген.
Оларға ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен, 28-бабы 4-бөлігі және 367-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен айып тағылды.