Таразы

1 млн теңге жинағың болса, «Отау» бағдарламасына қатыс!

Негізгі шартта «Отау» ипотекасына қатысу үшін «Отбасы банкінің» салымшысы болу – міндет

Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын маңызды көрсеткіш. Сондықтан биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Жалпы, биыл ел бойынша рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл – бұрынғы жоспарланған жылдық көрсеткіштен 2,5 млн шаршы метрге артық. Енді оқырман сұранысына орай, «Отау» ипотекалық бағдарламасына толығырақ тоқталайық...

Шартқа салдыр-салақ қарауға болмайды

«Отбасы банкі» АҚ Алматы қаласы филиалының директоры Данагүл Түсіпова бағдарламаға өтінімдердің Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында онлайн қабылданатынын еске салды.

Бұл ретте жаңа тұрғын үй бағдарламасына Қазақстан азаматтары немесе қандас мәртебесі бар этникалық қазақтар қатыса алады. Ол үшін «Отбасы банкінде» кемі 18 ай жиналған 1 млн теңге жинақ болуы шарт, баспана болмауға тиіс немесе соңғы 5 жылда тұрғын үй операциясы жасалмағаны жөн және соңғы 6 айдағы ресми табысы болуы керек.

Ал «Отау» ипотекалық бағдарламасының қарыз бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 9%, бастапқы жарна – 20%, несие мерзімі – 19 жыл. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында тек бастапқы тұрғын үй сатып алуға рұқсат етіледі. Қалған өңірлерде қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алуға болады.

Негізгі шартта «Отау» ипотекасына қатысу үшін «Отбасы банкінің» салымшысы болу – міндет. Бүгінде өтініш берген азаматтардың көбі сол шартқа қарамаған. Бір адамның атынан 20 шақты өтініштің қабылданған жағдайлары да анықталып жатыр. Сол себепті банк қызметкерлері олардың өтініштерін бірден кері қайтаруға мәжбүр. Мысалы, бағдарламаға қатысуға 1 наурыздан бері түскен өтініштердің 9 мың 731-і қабылданбаған.

«Отбасы банкі» АҚ бағдарламаға қатыспас бұрын міндетті түрде оған сәйкес келетін-келмейтін тұстарды толықтай анықтап алып барып өтініш беру керектігін ескертеді.

Бұдан бөлек, бағдарламаға қатысушы бастапқы нарықтағы тұрғын үйді otbasybank.kz порталынан ғана сатып ала алады. Ол опция жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған. Осы платформада орналастырар алдында әрбір нысан тұрғын үйдің ағымдағы нарықтық бағасы негізінде құнын келісу процесінен өтетін болады. Егер ол нарыққа сәйкес келсе, онда құрылыс салушымен 1 шаршы метрге бағаны белгілей отырып, осы тұрғын үйді сату туралы келісім жасалады.

Бұл ретте Алматы мен Астанадағы максималды несие сомасы – 30 млн теңгеге дейін, қалған өңірлерде – 18 млн теңгеге дейінгі сомада. «Отау» бағдарламасы бойынша бір несие аясында тұрғын үй сатып алу және жөндеу үшін ақша алуға болады. Бірақ несиенің жалпы сомасының рұқсат етілген ең жоғарғы сомадан аспауы маңызды. Ал жөндеуге арналған қарыз сомасы несиенің жалпы көлемінің 30 пайызынан аспауға тиіс.

Несие аларда несібең есептеледі

Тізімді саралау жұмысы өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін басталады.

Яғни, қатысушылардың өтінімдері мынадай ең көп жиналған ұпайлар саны бойынша бөлінеді:

  • салым бойынша сыйақы мөлшеріне – әрбір 1 мың теңге үшін 5 балл;
  • салым мерзіміне – депозит қолданылған әрбір жыл үшін 5 балл;
  • тіркелген некеге – 10 балл;
  • балаларға – санына қарамастан 50 балл.

Егер екі қатысушының балдар саны бірдей болса, онда тізімге енгізудегі басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамдарға беріледі. Саралаудан кейін тұтынушылар «Отау» бағдарламасына енгендердің тізімін банк сайтынан (otbasybank.kz) көре алады. Оларға несиелік өтінім беру үшін шамамен 40 жұмыс күні беріледі. «Отбасы банкі» осы уақытқа дейін қолданыстағы тұтынушылық несиелерді өтеп үлгеруге кеңес береді, сонда несиені мақұлдау мүмкіндігі көбірек болмақ.

Төлем қабілеттілігін есептеу кезінде соңғы 6 айдағы ресми табысы ғана емес, сонымен қатар отбасына жұмсалатын міндетті шығындар, сондай-ақ нақты несиелер бойынша төлемдер ескеріледі. Егер бағдарламаға қатысушы несие бойынша оң мақұлдау алса, онда оның баспана іздеу үшін 6 ай уақыты болады.

Ал «Отау» бағдарламасына қатысу үшін Отбасы банктің салымшысы болуың керек. Оның ішіне тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар да кіреді. Қатысушының жасы – 18-63 жас аралығы. Осы жас санатындағы бағдарлама қатысушысының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде меншігінде жылжымайтын мүлік (пәтер, үй, коммерциялық жылжымайтын мүлік, кез келген нысаналы мақсаттағы жер учаскесі) болмауға тиіс. Алматы мен Астанада тұрғын үй сатып алу кезінде осы қалаларда тұрақты тіркеу болуы шарт.

«Отау» бағдарламасын іске асырудың барынша ашықтығы үшін оның қатысушыларының тізімі (несие алушылардың келісімімен) «Отбасы банктің» сайтында жарияланатын болады. Қайталап айтқанда, әр адам өтінімдерді іріктеу және балдарды есептеу нәтижелерімен otbasybank.kz порталы арқылы таныса алады.

Алғашқы нәтижені 5 өңір көрсетті

Сонымен, қазір «Отау» жаңа тұрғын үй бағдарламасына Астана мен Алматы қалалары және Батыс Қазақстан облысының тұрғындары белсенді қатысып жатыр. Жалпы, түскен 20 мыңнан аса өтінім иесінің 67 пайызы – банктің 35 жасқа дейінгі салымшылары. Бұл туралы «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов айтты.

Тарқата айтсақ, өтінімдердің басым бөлігі Алматыдан (3 087 адам), Астанадан (2 412 адам), Батыс Қазақстан облысынан (1 304 адам), Ақтөбе облысынан (1 196 адам), Шымкент қаласынан (940 адам) қабылданған. Ал Жетісу (213 өтінім), Түркістан (178 өтінім), Ұлытау (93 өтінім) облыстарының тұрғындары онша белсенділік таныта қоймаған.