Алматының әйгілі «барахолкасы» да қала сыртына көшірілуге таяу
Қожайыны саудагерлерді шығынға батырып, Ресейге қашып кеткен
Алматы барахолкасының кәсіпкерлері сауда орталығындағы әділетсіздікке шағымданды. Себебі олардың бірі сауда дүңгіршегінсіз қалса, енді бірі алаяқтықтың құрбаны болған. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
«Рахат» базарының жүзден астам саудагері Жетісу ауданының әкімдігін үшінші жыл сотқа беріп отыр. Өйткені билік барахолка аумағында саябақ құруды жоспарлап, кәсіпкерлерді саудадан бас тартуға мәжбүрлеген.
«Еуразия» сауда орталығының басқа да кәсіпкерлері түйткілді мәселелерді айтып өтті. Онда бұрынғы қожайын базарды қалпына келтіреміз деген сылтаумен 67 адамнан 5 миллионға жуық доллар жинап, оларды жалдаушы емес, бутик иесі етуге уәде берген. Содан базарды сатып, Ресейге қашып кеткен.
Қазір осы іс бойынша сот процесі жүріп жатыр.
Айта кетсек, Алматы қаласы жер комиссиясының 2023 жылғы 16 ақпандағы шешімімен Жетісу ауданы, Солтүстік айналма көшесі, 9 бойында орналасқан ауданы 97 гектар жер телімі Жетісу аудандық аппаратына абаттандыруға берілген. Алматы қаласын дамытудың бас жоспарына сәйкес, енді әйгілі барахолкадағы базарлар қала сыртына көшірілуі мүмкін.