БҚО прокуратурасы 800 мың теңге тұратын былғары плащқа тапсырыс берген
Оның мемлекеттік әділет кеңесшісіне арнап тігілетіні көрсетіліпті
Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы 800 мың теңге тұратын былғары киім тігуге тапсырыс берген. Байқау мемлекеттік сатып алулар сайтына жарияланды.
Қосымша сипаттамада былғары плащтың мемлекеттік әділет кеңесшісіне арнап тігілетіні көрсетілген. Сырт киімнің қара түсті, түкті астары бар, таза былғарыдан жасалуға тиіс екені айтылған. Жағасы нағыз қаракөл жүнінен жасалуы керек. Сондай-ақ оның жылытқышы, погоны, түймелері мен шевроны болуы шарт.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі 6 маусымда баға ұсыныстарын сұрау арқылы расымен осындай байқау жарияланғанын мәлімдеді. Баспасөз қызметінің мәліметінше, плащқа қызмет қажеттіліктеріне байланысты тапсырыс берілген.