Ұлттық компанияның топ-менеджері жылына 91 млн теңгеге дейін сыйақы алады
«ҚазМұнайГаз» 18 адамға бір жылда 485 млн теңгеден аса қаражат жұмсаған
Қазақстандық ұлттық компанияларда жұмыс істейтін топ-менеджерлердің жылдық сыйақысы анықталды. Компания қызметкерлері бір жылда 4 миллионнан бастап, 91 миллион теңгеге дейін алып келген. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Қазақстандық «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның басқарма мүшесіне орта есеппен жылына 43 миллион теңге жұмсалған. Ал директорлар кеңесі мүшелерінің әрқайсысына берілетін сыйақы мөлшері 10 миллионнан асады. Басшылық құрамда – бас-аяғы 18 адам. Оларға бір жылда жалпы сомасы 485 миллион теңгеден аса қаражат жұмсалған. Ал Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев топ-менеджерлерге жыл сайын қомақты сыйақы берген жөн деп есептейді.
Әлемдегі ең ірі уран өндіруші өнеркәсіптің бірі саналатын «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы менеджерлерінің сыйақысы – орта есеппен 91 миллион теңге. Басшылықта 14 қызметкер бар.
«Қазтрансойл» компаниясы да сыйақы бойынша алдыңғы қатарда тұр. Сыйақы мөлшері – 50 миллион теңге. Компания 2023 жылы директорлар кеңесіне 151 миллион, басқарма мүшелеріне 454 миллион теңге ақша жұмсаған.
Бір жылдық жалақы мен сыйақы мөлшерін қосқанда, жалпы сомасы 160 миллион теңгеге жуықтаған Ұлттық компанияның бірі – «Қазпошта» АҚ. Басқарма мүшесінің бір жылдық сыйақы сомасы орта есеппен 22 миллион теңгеге жеткен.
Салыстырмалы түрде айтсақ, ең төменгі сыйақы алған компания – «Қазақстан Темір жолы». Ондағы басшылар орта есеппен жылына 4 миллион теңге сыйақы алады.