Таразы

Шалғайдағы ауылдар жаппай жабылып жатыр

Қазақстаннан бір жылда 45 мың адам өзге елге көшіп кеткен

«Ауыл – ел бесігі» дейміз. Алайда тәуелсіздік алған 30 жыл шамасында кеңестік кезеңде төскейде төрт түлігі өріп, дүркіреп-ақ тұрған шалғайдағы елді мекендердің шаңырағын шайқалтып, түтінін сирете түстік.

Солтүстік өңірлерге ел қондырмаса болмайды

2019 жылдың маусымында Ұлттық экономика министрлігі елімізде 100-ден астам ауылдың орнын сипап қалатын түріміз бар екенін ресми түрде мәлімдеген болатын. Оған дейін 59-ы жабылып тынғанын білеміз. Атап айтқанда, Қызылорда облысының 28, Шығыс Қазақстан облысының 16 және Солтүстік Қазақстан облысының 15 елді мекені жоқ.

Министрліктің мәліметінше, елімізде жалпы 6 561 ауыл бар екен. Оның 3,5 мыңында халық саны 500 адамнан аз десек, тағы 500-ге тарта ауылдың тұрғындары 50 адамға да жетпейді. Сол себепті «ҚР Әкімшілік-аумақтық құрылысы» туралы заңның 8 және 11-бабына сәйкес, облыстық өкілдік және атқарушы органдар халық саны 50 адамнан кем елді мекендерді есептен шығарып, тарату жұмысын әлі де жалғастыра бермек.

Мысалы, 2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы 664 елді мекеннің әрбір алтыншысы жабылуға тиіс болған. Бұл – шамамен тағы 110-нан астам ауыл құрыды деген сөз. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысының әрқайсысында шамамен 10 адам ғана қалған 38 ауыл «қара тізімге» ілікті. Жалпы, еліміз бойынша ауылдары жойылған өңірлердің басында осы СҚО-ның тұрғанын білеміз. Өйткені онда өзге ұлт өкілдері көп шоғырланғанын ескерсек, бүгінде олардың өз тарихи Отанына қоныс аударып жатқаны түсінікті.

Статистикаға сүйенсек, Қазақстаннан бір жылда 45 мың адам өзге елге көшіп кеткен. Оның көбі – өзге ұлт өкілдері. Ал елге сырттан келген қандастардың саны 12-14 мың аралығында ғана.

«Әрбір саланың өз стандарты бар» деген Ұлттық экономика министрлігі егер бала саны 15-тен төмен болса, ол ауылдағы орта мектептің жабылатынын да алға тартқан болатын. Ал бізде ондай ауылдардың аз емес екеніне жоғарыдағы дерек дәлел.

Таяуда ғана Мәжілістің қоғамдық палатасында депутат Анас Баққожаев еліміздегі ауылдардың жағдайы күн өткен сайын нашарлап бара жатқанын айтты. Оның пікірінше, қазір ауыл шаруашылығына құйылатын инвестиция мөлшері мардымсыз.

Сол себепті Ұлттық экономика министрлігі дамымай отырған ауылдарға әлеуметтік нысандарды салудың қажеті жоқ деп есептейді. Ол жерлерге 200-300 миллион теңге тұратын су жүйелерін тартуға мүмкіндік жоқ деген уәжді алға тартып отыр.

Өйтпегенде ше?! Тіпті, осы министрлік құжаттарының тігіндісінде «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде бағдарламаға қатысушыларды экономикалық даму әлеуеті төмен ауылдардан облыстық, аудандық маңызы бар қалаларға, экономикалық өсу нүктелеріне көшіру көзделген» деген шешім де қатталып-шотталып тұр.

Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысын алғаш рет өткізгенде сол бастама аясында халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде естіп, кері байланыс орнату қажет екенін баса айтқаны ел есінде. Сондай-ақ мемлекет басшысы Үкіметке жұмыссыздық деңгейін төмендетуге арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тиімсіз екенін де ескерткен-ді. Елдегі тұрақтылық пен экономика осыған байланысты болғандықтан, Үкімет мүшелері мен әкімдердің қызметі халықты жұмыспен қамту деңгейіне қарай бағаланатынын айтқан болатын.

Демек, ауылдардың қаңырап қалуына бұқараға жұмыс тауып беру масқатын көздейтін бағдарламалардың шалалығы немесе дұрыс орындалмауы да өз «пайдасын» тигізіп жатыр деген сөз.

Бұл ретте «ауызды қу шөппен сүртпей», «Еңбек» бағдарламасының ептеп іске аса бастағанын да айта кеткен абзал. Мысалы, бұл мүмкіндікті оңтүстік өңірлерде тұрған 1 546 адам мен 555 қандас пайдаланған. Павлодарлықтардың сапына қазір 452 отбасы қосылып, еңбекке қабілетті 919 адам жұмысқа орналастырылыпты. Оған қоса, 50-ден аса қоныс аударушы бизнес бастау үшін мемлекеттік гранттар, жеңілдетілген несиелер алған. Павлодар облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, оңтүстіктен солтүстікке қоныстанушы отбасылардың әр мүшесіне берілетін субсидия көлемі 2 есе артқан. Бұған дейін әр адамға 35 АЕК көлемінде қаржы берілсе, енді ол 70 АЕК-ке жетіп отыр. Сондықтан 2021 жылға бөлінген квота бойынша Павлодар облысына оңтүстік өңірлерден 2 600 адам мен 500 қандас келуге тиіс. Мамандардың айтуынша, бірінші кезекте Алматы, одан кейін Түркістан облысының тұрғындары Павлодарда тұруды құп көреді екен.

Шекаралық аймақтар да шетқақпай болып тұр

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ мемлекеттік шекараны шегендеп, халықаралық келісімшарттарды бекітіп алғанымыз белгілі. Ендігі мәселе – сол шекаралық аудандардағы халықтың жағдайы. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысының Қытаймен шекаралас аймақтарындағы байырғы тұрғындардың аудан орталықтарына, қалаларға қоныс аударуына байланысты ауылдардағы халықтың саны азайып барады. Бұл ретте жыл сайын кемінде 3-4 мыңға жуық тұрғын туған жерін тастап кетіп жатыр. Тек Шығыс Қазақстан емес, қазір Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарындағы шекаралық ауылдар да дәл осы ахуалды бастан кешіп отыр.

Оның айтуынша, енді атажұртына оралған қандастарды Үкімет белгілеген тиісті облыстарға бөлгенде шекаралық ауылдарға да орналастыруды ойластырған жөн. Өйткені көршілес Қытай, Ресей мемлекеттері бар күшін өздерінің шекаралық аудандарын бекемдеуге салып жатыр. Мысалы, Қытай Қазақстанмен шекаралас аудандарына халықты шоғырландырып, қалалар салып тастаса, Ресей Қиыр шығыстағы шекаралық аудандарына көшіп барушылар үшін жер телімдерін гектарлап тегін беруге көшкен.

Соңғы 25 жылда Қытайдың шекаралас аудандары мықты орталыққа айналып, ел экономикасын жандандырса, біздің елдегі шекара аудандарының жағдайы, керісінше, әлсірей түскен. Айталық, 1997 жылы бірнеше облыс жабылып, көптеген аудан таратылған тұста ҚХР-мен арадағы мемлекеттік шекараның бойында орналасқан еліміздің шығысындағы Тарбағатай, Катонқарағай, Марқакөл, Мақаншы, Таскескен, ал Алматы облысындағы Қапал, Нарынқол, Қоғалы, Үйгентас аудандары таратылып, басқа алыс-жақын аудандардың қарамағына өткен еді...

Міне, мәселенің басы қайда жатыр?!