Еңбек қаналып, табыс тоналмаса...
Жезөкшелер притондары мен сауналарға полицейлер қамқорлық жасап жүр
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бүгінде мигранттарды «тауар» деп қарастырып, ал көші-қон процесін қауіпті құбылысқа жатқызбайтын дамыған мемлекеттер иммиграция-эмиграция қозғалыстарын жай ғана «табиғи құбылысқа» жатқызады. Бұл ретте Халықаралық көші-қон ұйымы жариялаған «Әлемдік миграция бойынша есепте» Қазақстан халықтың жалпы санына қатысты елден кетуші эмигранттар көрсеткіші бойынша алғашқы 20 елдің қатарына кірген. Демек шетке кетуді шектеудің амалдарын жасау қажет.
Күнкөрісті жақсартпаса болмайды
Тәуелсіз сарапшылар ала бағаннан әрі асушылардың артуына елдегі өршіп тұрған сыбайлас жемқорлықты, мемлекеттің жабық саясатының салдарынан болашаққа деген сенімсіздікті, әлсіз азаматтық қоғамдағы адам құқығының шектелуін, жұмыссыздықты, жалақының төмендігін және әлсіз экономиканы жатқызады. Олардың бірқатары қазақстандық эмиграцияның ең басты себебін негізінен халықтың едәуір бөлігінің еңбек табысының төмендеуінен іздейді.
Мысалы, әлемнің дамыған индустриалды мемлекеті – Люксембург күнкөріс деңгейінің ең жоғары көрсеткішін беріп отыр. Ондағы өмір сүру деңгейі адам басына шаққанда жылына – 22 483, айына – 2 мың долларға тең. Содан кейінгі күнкөріс деңгейінің үздік бестігін Еуропаның Франция (айына 1 454 доллар), Германия (1 397 доллар), Финляндия (1 307 доллар), Ұлыбритания (1 103 доллар), Нидерланд (1 263 доллар) сияқты экономикалық тұрақты мемлекеттер толықтырады.
Ал Қазақстан рейтинг нәтижелері бойынша, күнкөріс деңгейі ең төменгі мемлекеттердің қатарында. Жіктеп айтқанда, біздегі базалық әлеуметтік төлемдер мөлшерін есептеу үшін күнкөрістің ең төменгі мөлшері 43 407 мың теңгені, ең төменгі жалақы деңгейі 85 мың теңгені қамтиды. Сондай-ақ еліміздегі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 57 853 теңге, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 692 теңге болды. Әрине, мұның барлығы – күн көруге мүмкіндік бермейтін көрсеткіштер. Сол себепті Қазақстан халықтың шетке кету үдерісі бойынша ЕАЭО елдерінің арасында көш бастап тұр.
«Құлдықты» жойса, құба-құп
Қазақстанда адам саудасына байланысты қылмыс былтырғымен салыстырғанда 2 есе көп тіркелген. Иә, еліміз бүгінде сол «тірі тауар» саудасының ішкі трафигімен де, сыртқы трафигімен де бетпе-бет келіп отыр. Көбіне көршілес Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз елінен құрылыс, сауда-саттық сияқты әлеуметтік салаларға жұмыс істеуге келіп, құлдыққа түсіп қалып жатқан азаматтар көп. Осылайша, адам саудасы фактілерінің көші-қон үдерістерімен бірге дамитынын мониторинг жұмысының нәтижесінен көріп отырмыз.
Соған орай белгілі заңгер Айгүл Орынбекке «Көші-қон саласының тізгінін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұстатқан дұрыс па?» деген сұрақ қойып көрдік. Оның айтуынша, ірі қалалардағы жезөкшелер притондары мен сауналардың түбін қаза келгенде, оған тәртіп сақшыларының қамқорлық жасап жүретіні анықталған. Сондай-ақ учаскелік инспектордың үйінде құлдыққа жегілген азаматтар бар. Сондықтан мемлекет көші-қон саласындағы былық-шылық пен жең ұшынан жалғасқан сыбайластықты ішкі істер органдарының құзыретін тартылту арқылы құртпақ. Сондай-ақ Айгүл Орынбек зауыт-фабрикалар жұмысына заңсыз жегіліп жүрген азаматтарға полиция қызметкерлері тексеру жүргізе алмайтынын, ал ол адамның еңбекке жарамды-жарамсыз емесін анықтауға Еңбек инспекциясы хақылы екенін алға тартты.
Түйін:
Полицияның жезөкшелерге қалқан болып, «құл жұмсауды» әдетке айналдыра бастағаны рас. Ол мәселе АҚШ Мемлекеттік департаментінің баяндамасында да айтылды.
Сонымен қатар қазақстандық ҮЕҰ өкілдері де адам саудагерлері жауапкершіліктен жалтару үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне пара беретінін, тіпті кей полиция қызметкері мәжбүрлі еңбек пен жыныстық қанаушылық қылмыстарына «бас-көз» болатынын айтып, дабыл қаққан-ды. Кейін прокурорлар заңсыз көші-қон фактілерінің алдын алуды осы салаға жауапты мемлекеттік органдағы заңсыздықтарды әшкерелеуден бастауға көшті.
Енді міне, құқық қорғау жүйесін реформалау шаралары Еңбек инспекциясына да пәрмен бере ме, жоқ па, оны уақытында көрерміз.