Шенеуніктер киік мүйізін Қытайға сатқалы жатыр
Экспортты 2025 жылы бастау жоспарланған
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев еліміздің Шығыс елдеріне ақбөкен мүйізін сататынын айтты.
Бұдан бұрын министрлік Қазақстандағы киіктердің саны аулау және ату арқылы реттелетінін хабарлап, елді бір дүрліктірген еді. Содан соң елімізде сирек кездесетін ақбөкен етін заңды түрде сатуға болатынын да атап өтті. Алайда мүйізді сатуға қатысты мәселе ашық күйінде қалған-ды.
Министрге журналистер тарапынан желіде ақбөкен мүйізін Қытайға экспорттайтыны туралы ақпарат тарап жатқаны және оны Шығыс елдері дәрі-дәрмек жасау үшін пайдаланатыны туралы сұрақ қойылды. Мұны ол растады. Алайда мүйіздер қазір сатылмайды.
Сондай-ақ ол Қоршаған ортаны қорғау министрлігі шенеуніктерінің киік мүйізін сатуға рұқсат алу үшін Швейцарияға барғанын айтты. Экспортты 2025 жылы бастау жоспарланған.