Неміс қызы Астанадағы балабақша тәрбиеленушілеріне асық ойнауды үйретіп жүр
Қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетіне оң көзқараспен қараймын, - дейді ол
Астанада қазақтың ұлттық ойыны – асық ату және бесасықпен айналысып жүрген өзге ұлт өкілдері көп.
Асық ату федерациясының хабарлауынша, ел өңірлерінде ұлттық ойындарымызбен айналысып, жүлдегерлер қатарынан табылып жүрген өзге ұлт өкілдері тұрады. Соның ішінде асық ату ойынымен шұғылданатын өзге ұлт өкілдері Қостанай облысында баршылық. Олардың арасында Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін күміс жүлдегерлері Милана Ярмоленко, Екатерина Тесленко, Анастасия Трофимова сияқты орыс қыздарын, Виолетта Мельниченко, Варвара Чумак, Василиса Лихопий сияқты украин қыздарын, Райхан Мустафина деген башқұрт қызын, екі мәрте Қазақстан чемпионы Анжела Поливцева деген орыс қызын және басқаларын атап өтуге болады.
Бұлардан бөлек, Қостанай облысының намысын қорғап жүрген беларусь, өзбек ұлтының өкілдері де жеткілікті.
Жақында Асық ату федерациясы Астана қаласындағы «Алақай» балабақшасының тәрбиешісі, неміс қызы Олеся Пфафенгуттың да 13 жасынан бері бесасық ойнап, көптеген биікті бағындырып үлгіргенін хабарлады.
Олеся Пфафенгут Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Мәншүк ауылында туып-өскен. Бесасықпен мектеп қабырғасында жүргенде айналыса бастаған. Алғашқы бапкері – Дүйсенбай Қожамжар. Оған ойын алғаш көргенде бірден ұнаған. Қазір ол болашағын асықсыз елестете алмайтынын айтады.
Бүгінде ол Астана қаласындағы «Алақай» балабақшасында қызмет етеді. Асықтан өтетін жарыстарға үнемі қатысады. Балабақша бүлдіршіндеріне де бар білгенін үйретіп жүр.