Қазақ аспаздары Вашингтон тұрғындарына ұлттық тағамдарымыздан дәм таттырды
Дастарханнан әдеттегідей қазы-қарта мен жал-жаяны байқамайсыз
АҚШ астанасы Вашингтонда 40 елшіліктің бас аспаздары арасында жыл сайын өтетін байқауға алғаш рет Қазақстан тарапы да қатысқан болатын.
Қазақ аспаздарының дастарханына 7 түрлі тағам қойылған. Келіп дәм татушылар қайнатылған сүттен жасалған қоспаны қатты ұнатыпты.
Қазақтың дастарханы көпке ұнаса керек, әр сәтте ұзынсонар кезек пайда болған. Қазылар алқасы да асықпай, әр астың дәмін мұқият татып көрген. Тағам ғана емес, оның ұсынылуы мен жайылған дастарханның безендірілуіне де назар аударыпты.
Дастарханнан әдеттегідей қазы-қарта мен жал-жаяны байқамайсыз. Өйткені ондағы жұрт жылқы етін жемейді, тіпті, кейбір штатта оны жеуге қатаң тыйым салынған.
Қорытындысында бұл байқаудың бас жүлдесі Филиппин елшілігіне бұйырды. Алайда мақсат – жеңіс емес, жеңсік асты жария ету. Сондықтан арнайы іс-шара ұлттық тағамдар арқылы қазақты танытудың тағы бір жолы болып тұр.