Ұлттық қолөнеріміз импорттың көлеңкесінен жарқ ете алмай тұр
Туристер қазақтың қолөнер бұйымдарын, тағамы мен киімдерін көргісі келеді
Қазір қолөнер шеберлері мен зергерлер өздерінің көрпе-жастық, ағаш астау, ұлттық аспаптар және түрлі әшекей бұйымдарын әлеуметтік желілер арқылы сатуды дәстүрге айналдырды. Әрине олардың дені бұрынғыдай тек қана оймақ киіп, ине сабақтап, сондай-ақ кескір, тескірін балғамен тықылдатып, ескіше еңбектене қоймайды. Арнайы станоктың арқасында қайыс белбеу, әмиян, сөмкеге оюды терең өрнектеп, тілектерді тізіп, тіпті неке жүзігіне дейін ерлі-зайыптылардың аты-жөнін жазып беру әдетке айналған. Алайда қазақ қоғамы одан гөрі Ресей мен Түркияның арзан әшекейлері мен еуропалық бренд бұйымдарға ұмтылады. Қысқасы, ұлттық өнімдерге әлі де онша сұраныс жоқ.
Зергерлік өнімге зейініміз ауса да...
Қазақстандағы геммология ғылымы мен зергерлік ісі туралы зерттеп жүрген ғалым Оспан Бейсеевтің айтуынша, елімізде әшекей бұйымдар шығаратын зауыт ашылып, жүйелі жұмыс істесе, біз экономиканың бір бүйірін сонымен-ақ шығара алады екенбіз. Өйткені әлемде зергерлік өндіріс арқылы экономикалық әлеуетін тұрақтандырған Израиль, Үндістан, Щвейцария, Польша, АҚШ, Жапония, Шри Ланка, Қытай сияқты 40-тан астам ел бар. Соның ішінде шикізат қоры жоқ бола тұра, зергерлік өндіріс арқылы өз экономикасын әлдеқайда биік дәрежеге жеткізген ел – Израиль. Қазір онда 350 зергерлік шеберхана мен фабрика жұмыс істеп тұр. Ал Аустралияда тек қара тастарды (опал) кәдеге жарататын 70 кәсіпорын нарыққа түрлі әшекей бұйымын шығарып отыр.
Осы орайда геммолог Оспан Бейсеев Қазақстан жерінде асыл тастар мен түсті минералдың 595 түрі анықталғанын алға тартты. Оның ішінде зергерлік өнер өндірісі дамыған елдердің тәжірибесінде әлі қолданылмаған дәстүрлі емес тастар да кездеседі.
Жалпы, сонша қазба байлыққа бай ел болсақ та, зергерлер табиғи тастарды шетелден тасып әлек. Экономист Жанұзақ Әкімнің айтуынша, Қазақстанда кез келген әшекей бұйымдар жасауға қолданылатын жасанды және табиғи тастардың 80-90 пайызы Қытай, Үндістан, Ресей, Корея елдерінен келеді.
Контрабанданың тасасында қалдық
Жалпы, еліміздегі мың зергерлік бұйымның тек екі-үшеуі отандық өнім. Көбін жеке шеберлер үйінде жасайды. Өйткені ЕАЭО елдері арасында Қазақстан – жалған зергерлік бұйымдарды өткізу бойынша ең үлкен көлеңкелі нарық. Дер кезінде контрабандамен күреспесек, мұндай жағдайда заңға бағынатын зергерлерге кәсібін тоқтатуға тура келеді. Өйткені елде мұндай тауарларды сату үшін өте жұмсақ жаза қолданылады.
Ал Қазақстан нарығында 2017 жылы жұмысын бастаған Qazaq International Holding компаниясының негізін қалаушы Марат Мәуленнің айтуынша, Алматының өзінде зергерлік өнімдердің 70 пайызы заңсыз жолмен келіп, төмен бағамен сатылады.
Коронавирус індеті өршіп, карантин салдарынан Қазақстанда тойлар болмағандықтан, мерекелік жиындардағы басты кәдеге айналған отандық әшекейлерге сұраныс азайып кеткен болатын. Әйтпесе еліміздің зергерлік саласындағы қаржы айналымы 300 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Мамандардың айтуынша, зергерлік бұйымдарды көлеңкеден шығарып, отандық өндірісті жолға қойсақ, мемлекеттік бюджетке жыл сайын 40 миллиард теңгеге жуық салық түседі екен.
Шетелдік шеберлерде арман жоқ
Тарихқа жүгінсек, 1871 жылы Семейдегі көрме ұйымдастыру комитетінің хаттама-құжаттарында қазақ халқының ешбір токарлық станоксыз, қашау мен пышақ арқылы тұтас қайыңнан ыдыстарды өте шебер жасайтыны баяндалған. Осылайша, 65 түрлі ыдыс-аяқ, 18 түрлі музыкалық аспап пайда болған. Оған қоса темірден түйін түйген, жүннен жіп иірген, тасқа тіл бітірген, сүйектен сүйкімді, мүйізден мінсіз дүние шығарған ұста, зергер, тігінші, тоқымашы, ағаш шебері, бәдізші сынды бірнеше ісмер және өнердің көп түрін игерген миясар мекендеген мына ұлы даланы!
Қазір солардың аз ғана ізбасарлары жұмыс істейді. Сондықтан ұлттық қолөнер өнімдерін заман талабына сай бизнеске айналдырмасақ, оны жай бейматериалдық мұра ретінде дамыту қиын. Мысалы, Алматы облысы Кеген ауданынан шыққан темір ұсталары Тұрсынжан, Махмұт және Айтберген Құлменовтер 40 жылдан бері қару-жарақ, тұрмыстық заттар мен саз аспабын жасайды. Олардың қолынан шыққан заттар Қазақстанның барлық облысындағы музейлерге қойылған.
Ол ұсталық өнерге мемлекет тарапынан қолдау болса екен деп тілейді. Өйткені ой еңбегі мен физикалық күшті қажет ететін бұл кәсіпті игергісі келетіндер жоқтың қасы.
Ұсталық қана емес, жалпы қазақтың қолөнері түрлерінің бәрі мемлекеттік қолдауға зәру десек болады. Мысалы, батыс елдерінің саяхатшылары Моңғолияға қазақтың бүркітшілері мен киіз үйін көру үшін барады. Олардың қолөнер бұйымдары да саяхатшылардың алдымен таңдауы түсетін дүниесіне айналған. Бұл кәсіпті өзімізде толыққанды дамыту үшін мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама қабылдануы керек-ақ. Өйткені біз туристерді жылтыраған ғимаратпен таңғалдыра алмаймыз. Олар қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарын, тағамы мен киімдерін көргісі келеді.
«Бейматериалдық мұра» дегенмен, қазір біраз елде қолөнерге дем беру – халықтың экономикалық жағдайын жақсартудың бір тәсілі. Сондықтан олардың билігі байырғы бұйымдардың қолданыстан шығып қалуының алдын алу үшін арнайы қаржы шығарып, қолөнер шеберіне жағдай жасады.
Қытайдың кез келген қаласында қолөнер орталықтары, қолөнер шеберлерінің көшелері бар. Тіпті, олар өндіру мен сатуды өзара ұштастырған жаңаша базар ашқан. Ол базарға туристер лек-легімен ағылып жатыр.
Өзбек елінде де қолөнер шеберлері «Хунарманд бірлестігіне» мүше болғаннан кейін салықтан босатылады, Үкіметтен төмен өсімді қарыз алады. Шәкірт тәрбиелейтіндеріне қосымша қаражат және қарастырылған. Өзбек ағайындар өзен-көл жағасына қазақы киіз үйлер тігіп, этноауыл жасап, сонымен туристерді тартып отыр. Ал біз мерекелік шараларда өз киіз үйімізді өзіміз тіге алмай, қырғыздарды жалдап жүрміз.
Сондай-ақ Ресейде 5 миллионнан астам қолөнер шеберін қамтитын 70-тен астам бірлестік жұмыс істейді. Олар салық демалыстары, салық салудың жеңілдетілген үстемелері, патенттермен жұмыс істеу мүмкіндігі, тауарлар мен қызметтерді сатып алу үшін мемлекеттік тендерге қатысу құқығы сынды шағын бизнеске арналған жеңілдіктерді қолданып отыр.
Ал Иранның Тербиз қаласының өзінде 800 мыңнан астам адам кілем тоқумен айналысады. Елде ондай бірнеше орталық бар. Өйткені онда қолөнерді дамытуға жылына 1 миллиард доллар бөлінеді екен.
Түрікменстанда қалы кілем тоқитын бірнеше мектеп бар...
Енді өзімізге келсек, елорданың өзінде қолөнершілердің арнаулы орталығы жоқ. Тек Есілдің оң жағалауында, яғни ескі қалада 20 шақты шағын дүкені бар. Оның өзін тұтынушылар біле бермейді. Тасада орналасқан. Сондықтан шеберлер Астанада ыңғайлы орын табудың қиындығына, оны жалдау ақысының тым қымбаттығына налып отыр.
«Атамекен» ҰКП мәліметінше, елімізде 700-ге жуық қолөнер шебері тіркелген. Құрамына еліміздің барлық өңірінен сол 700-ге жуық шебер кіретін қолөнершілер одағы бар. Алайда әйелдердің әшекейінен бөлек, қала базарларындағы ұлттық нақышта жасалған қолөнер бұйымдарының 80 пайызы қырғыз елінен келеді. Ал өзімізде жасалған өнімдер ол тауарларға қарағанда сапалы әрі қымбат.