Есімі рекордтар кітабына енген шебер қойдың жүнін кәдеге жаратып отыр
Бабадан қалған саф өнерді үйренуге кейінгі буынның қызығушылығы төмен, - дейді ол
Түркістан облысында рекордтар кітабына енген қолөнер шебері тұрады, деп хабарлады 24KZ.
Ұлттық қолөнерді дәріптеп жүрген мақтааралдық Нұрбибі Омарова 6 жылдан бері аядай ғана бөлмеде қойдың жүнін кәдеге жаратып, түрлі бұйымдар жасап жүр. Тіпті, сол түтілген жүннен қазақи нақыштағы шапан сүріп, сөмкенің де түр-түрін әзірлейді. Барлық киім-бұйымы сұранысқа ие.
Зейнеткер бұл өнерді жетік меңгеру үшін Қарағанды облысына арнайы барып, 1 айлық курсын оқып келген. Жүннен жасаған бешпет, шапандарын мерекелік кештер мен той-томалаққа кию үшін жан-жақтан келіп, сатып әкетіп жатыр. Кәсіпкер тапсырыстың басым бөлігін онлайн түрде қабылдайды.
Шебер облыстық, республикалық және халықаралық көрмелерге ұдайы қатысып, өз өнімдерін шығарып отырады. Нәтижесінде еліміз бойынша «Хас шебер» деген атаққа ие болып, КИНЭС рекордтар кітабына енген. Алайда бабадан қалған саф өнерді үйренуге кейінгі буынның қызығушылығы төмен дейді ол.
Сондай-ақ ол киіздің адам денсаулығына пайдасы орасан зор екенін айтады. Себебі жүн талшықтары теріні тыныштандырып, адамның жүйке-жүйесіне жағымды әсер етеді. Осылай деген Нұрбибі Омарова енді мемлекеттік грантқа құжат өткізіп, кәсібінің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.